РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЗАҢ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНА АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ
2024 жылғы 2 мамыр күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Заң терминологиясы: жіктелім, біріздендіру және аударма» атты республикалық әдістемелік семинар өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам назарына ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатына: «Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет», деген болатын. Азаматтарымыздың заңдық сауатын арттырып, заңға деген құрметін қалыптастыру үшін, заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сай мемлекеттік тілде сауатты жазылуы, практикалық мәні айқын болуы тиіс.
Ұйымдастырылып отырған бұл семинардың мақсаты да заң терминдерін жүйелеу, заңнамалық құжаттарды қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру бойынша қордаланған мәселелерді талқылауға негізделген.
Ғылыми жиынның кіріспе сөзін сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов:
«Заң нормаларын, қағидалары мен ережелерін ұлттық тілдің аясында қарастыруды мақсат еткен бұл әдістемелік семинар, заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сәйкес мемлекеттік тілде сауатты даярлану мәселелерін талқылап, оны шешудің жолдарын ұсыну, және заңнама тілінің аударма тіл деңгейінен аса алмау себептері мен одан шығатын салдарын талқылауды көздейді», деді.
Елміздің заңнамалық құжаттарындағы салалық терминдерді жетілдіру, ұлттық негіздегі заң тілін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар әр тараптан жүйелі жүргізілуде. Ғылыми басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ қазақ тілінде заң жобасын әзірлеуді ұйымдастырудағы проблемалар туралы өзекті ой қозғады.
Сала терминдерін біріздендіру мен реттеудің лингвистикалық мәселелеріне тоқталған Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы: «Заң тілі терминологиясындағы екі мәселені атап айтуға болады. Біріншісі – заң тілінің ауырлығы мен терминдер жарыспалылығы. Терминдерді реттеу кәсіби деңгейде жүргізіліп, барлық мамандарға ортақ бекітілген терминдердің нормативтік сөздігі болуы керек. Сала мамандары мен аудармашылар осы сөздікті пайдаланса, сонда барып заң тілі жүйеге түседі», деді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек әртүрлі ғылыми көзқарастарды сыни талдау мен негізі жіктеудің маңыздылығы туралы айтып, заң терминологиясының жіктелімі және аударма мәселелерін баяндады.
Бұдан бөлек, заң терминдерін дамытудың қолданбалы және теориялық аспектілеріне тоқталған филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор Бауыржан Есімсейітов пен қылмыстық заңнама мәтініндегі қателер туралы айтқан MNU университетінің ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, PhD Алмас Жұмағали салалық терминологияның даму негізін сараптау туралы сөз қозғады.
Ана тіліміздің құқықтық құжаттарда қолданудың өзекті мәселелері талқыланған семинарға қатысқан ғалымдар мен тіл мамандары бір ауыздан заң саласы сөздіктерінде қолданылған терминжасамды жүйелеу мәселесін пысықтап, бұған дейін Терминкомда бекітілмеген сәтті терминдерді іріктеп бекітуге ұсынды. Сонымен қатар заңнамалық құжаттарға жауапты мамандар мен сала мамандарының арасында байланыс орнату және заңнама терминдерінің жасалуына қойылатын негізгі алғышарттар бекітілді.
Онлайн және офлайн форматта өткен іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиев, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының жетекші ғылыми қызметкері Айгүл Махамбетова, Мақсұт Нәрікбаев университетінің ассистент-профессоры, заң ғылымдарының магистрі Сағидолла Баймұрат және т.б ЖОО оқытушы-ғалымдар, заңгерлер мен құқықтанушылар, орталық атқарушы органдардағы салалық терминологиялық секция жұмысына жауапты мамандар мен жергілікті атқарушы органдардың терминология саласына жауапты қызметшілері қатысты.