ТІЛ МАМАНДАРЫНЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІС-ШАРА
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен тіл мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған онлайн-семинар өз жұмысын бастады.
«Оқытушылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және жасанды интеллектіні интеграциялауға бағытталған қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» республикалық онлайн-семинары 13 мамыр күні өз жұмысын бастады. Жоспар бойынша ол 22 мамырға дейін жалғасады.
Іс-шараны «Тіл-Қазына» ҰҒПО басшысы Мақпал Жұмабай алғысөзімен ашып, былай деп пікірін білдірді: «Дәл қазір ғылым мен технологиялар өз даму тарихында бірінші рет тілге тәуелді болып отыр. Бүкіл технологиялардың дамуы тілге ғана қатысты болып қалды. Мұндай құбылыс технологиялардың дамуындағы соңғы жүз жылда болған емес. Енді әлем жанталасып жасанды интеллектке өз тілдерін үйрете бастады. Қай мемлекеттің тілі жасанды интеллектте еркін қолданыста сол ел тәуелсіз, өз алдына дамуыға мүмкіндік алады. Ал ол үшін біз тілімізді цифрландыруымыз керек. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сол арқылы алдағы уақытта мемлекеттік тілді оқыту да жеңілдеп, қолданысы да кеңейеді деген сенімдемін. Бүгінгі семинар баршаңыз үшін пайдалы тәжірибе алмасу алаңы болады деген үміттемін».
Онлайн басқосудың алғашқы күні мемлекеттік тілді оқытуда жасанды интеллектіні тиімді пайдалану тақырыбына арналды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к. Бақыт Айтпаева өз тәжірибесімен бөлісті. Әдіскер жасанды интеллектінің тіл үйретудегі ерекшеліктеріне тоқталып, тілді қашықтан оқытуда қолданылатын ыңғайлы платформаларды таныстырып, жұмыс жасау жолын көрсетті. Онлайн-семинарға қатысқан жүзге жуық оқытушы, әдіскерлер LUMIO, Flippity порталдарында спикер нұсқауымен жұмыс жасап, үй тапсырмасын алды.
Тіл мамандарының кәсіби біліктілігін көтеріп, уақыт талабына сай қазақ тілін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйретіп, заманауи ІТ технология мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын нұсқайтын, «Тіл-Қазынаның» Әдістеме бөлімі ұйымдастырып жатқан онлайн-семинар сегіз күнге созылмақ.
Оқытушылардың біліктілігі мен құзіреттілігін шыңдауға арналған онлайн-семинар тыңдаушыларына 72 сағаттық курстан өткендігін айғақтайтын сертификат табысталады.