ТІЛДІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ ЖӘНЕ САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ МҮМКІНДІКТЕРІ

17.05.2024

16 мамыр, Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы «Тілді оқыту әдістемесі және сандық технология мүмкіндіктері» тақырыбында мазмұнды семинар ұйымдастырды. Ғылыми жиынға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институты» бөлімінің жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі Айгүл Орманова қатысып, қазақ тілін офлайн/онлайн оқыту әдістемесі мен «Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілі» әмбебап оқулығын дайындау кезінде пайдаланылған әдіс-тәсілдер жөнінде дәріс оқыды.

 Тіл оқыту әдістемесін жетілдіруде сандық технологияның мүмкіндігін насихаттау, оқытушы, әдіскерлерге әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған семинар жұмысында білікті мамандар дәріс оқып, іс-тәжірибесін ортаға салды. Қазақ тілі және түркітану кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Күлән Көпеш видео сабақ – қазақ тілін оқытудың тиімді жолы тақырыбында баяндаса, Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының мамандары Алмагүл Игенова мен Мүнира Ағымбаева заманауи цифрлық технологияларға негізделген оқу құралдарын әзірлеудегі іс-тәжірибесімен бөлісті.

Семинар жұмысына оқыту орталықтарының әдіскер, оқытушылары қатысып, оқыту үдерісін жандандыруға қажетті ақпарат алды. Іс-шара соңында «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы тарапынан барлық қатысушыға сертификат табысталды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий