ҚАЗАН ҚАЛАСЫНДА АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН МӘДЕНИЕТІ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Жуық жылдардан бері шетелде қазақ мәдениеті орталықтары ашылып, сол арқылы еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін өзге елдерге насихаттау, таныстыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Солардың бірі – өткен аптада ғана Қазан федералдық университетінің филология және мәдениетаралық коммуникация институты базасында ашылған Абай атындағы «Қазақ тілі мен мәдениеті» ғылыми орталығы.
Абай орталығының ашылуы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен жүзеге асырылған. Онда классикалық және қазіргі қазақстандық авторлардың әртүрлі көркем, тарихи және ғылыми-танымал әдебиеттері жинақталған.
«Абай орталығы қазақ тілін оқыту және насихаттау, мәдени байланыстарды нығайту, халықтың бай және төл мәдениетімен, тарихы мен салт-дәстүрімен, заманауи жетістіктерімен және даму жоспарларымен танысу үшін құрылған», деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Бұдан бөлек ұлы Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау, ұлт мәдениетін насихаттау мақсатында АҚШ, Қытай, Ресей, Франция,Ұлыбритания, Польша, және өзге де мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан "Абай орталықтары" ашылған. 2020 жылдан бері ҚР Сингапурдағы, Болгариядағы, Мысырдағы, Пәкістандағы, Мажарстандағы, Ирандағы және Эфиопиядағы Елшіліктері жанында Абай орталығы жұмыс істейді.
Абай орталықтары:
- АҚШ-тың Дж.Вашингтон университетімен бірлескен Қазақстанның тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған «Абай виртуалды орталығы»;
- ҚР Бельгиядағы Елшілігі жанындағы қазақ мәдениеті орталығы;
- Чехияның «Клементинум» Ұлттық кітапханасы жанындағы «Абай» мәдени-ақпарат орталығы;
- Малайзия Ұлттық кітапханасының жанындағы «Абай атындағы қазақ әдебиеті және мәдениеті орталығы»;
- Моңғолиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы Абай бұрышы;
- Литваның Вильнюс округінің Адам Мицкевич атындағы Қоғамдық кітапханасының ғимаратындағы Абай атындағы оқу залы.