Мерейлі 60 жас: академик Шерубай Құрманбайұлының жаңа кітаптары жарыққа шықты
Бүгін Елордада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының 60 жасқа толған мерейтойына орай ғалым кітаптарының таныстырылымы өтті.
Ұлттық кітапханада өткен мерекелік жиынға ғалымдар, әдебиет пен мәдениет саласының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Мерейтой иесін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады, оның жылы лебізін Президенттің кеңесшісі, филология ғылымының докторы Бауыржан Омар жеткізді. «Құрметті Шерубай Құрманбайұлы! Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, терминдерді қалыптастыруда, аударма саласының жаңа деңгейге көтерілуіне қосқан үлесіңіз мол. Ұлағатты ұстаздық қызметіңіз бен көп жылғы үздіксіз ізденістеріңіз өз жемісін беруде. Ғылыми еңбектеріңіз, оқулықтар мен монографияларыңыздың жас ғалымдар мен студенттерге пайдасы зор. Алдағы уақытта еліміздегі оң өзгерістерге қолдау көрсетіп, көпшіліктің құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін» делінген құттықтауда.
Академик Шерубай Құрманбайұлы өз кезегінде «Ғалымның туған күні – тойлаудан гөрі көбірек ойланатын күн. Ғалым өзіне, еліне, әріптес ғалымдарға да есеп беруі керек. Әр он жыл сайын есеп беруді әдетке айналдырғанмын. Бүгін де соңғы жылдарда атқарған еңбегімнің есебін беріп отырмын,- деп зиялы қауым мен ойлы оқырманға сиясы кеппеген «Алаш көсемі және ұлт тілі» атты монографиясын таныстырды.
Еңбекте ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның тұлғасы, сөз қолдану ерекшеліктері және ұлт тілін дамытудағы рөлі жан-жақты талданады. Кітапта бұрын-соңды зерттелмеген тақырыптар, оның ішінде саясаткердің тілдік портреті, аудармалардағы жаңашылдық және термин жасау тәжірибесі жайында жазылған.
Салтанатты басқосуда ғалымның жақында шыққан «Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі», «Alaş ve Terminoloji» және шәкірті Мәрлен Әділовпен бірге жазған «Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар» кітаптарының да тұсауы кесілді.
«Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігінде» 1990-2023 жылдар аралығында баспасөз бетінде қолданылған, оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерге енген 4000-нан аса жаңа термин қамтылған. Ғалымның бұл еңбегі ел тәуелсіздігі тұсындағы 30 жыл мерзім ішіндегі қазақ лексикасының дамуы мен оның толығу, жаңару үдерісін көрсетіп, қазіргі сөзжасам, терминжасам тәжірибесі жөнінде мол мәлімет береді.
Ал «Alaş ve Terminoloji» кітабы Түрік тілі қоғамының ұсынысымен шығарылды. Ғалымның еңбегін түркиялық әріптесі Ержан Петек аударған.
«Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар» атты монографияда ақын шығармаларындағы 300-ден астам көне сөз бен сирек қолданыстардың түпкі мағынасы мен этимологиясы тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талданған.
Мерейтой аясында Шерубай Құрманбайұлының өмірі мен ғылыми, оқытушылық, мемлекеттік және қоғамдық қызметін сипаттайтын «Тілтанушы» атты жинақ та таныстырылды. Кітапта академиктің тілтану саласына қосқан үлесі жайында әріптестері, шәкірттері мен ізбасарлары ой бөліседі.
Мерекелік жиында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді. Белгілі ғалым Әділ Ахметов өз сөзінде академиктің кітаптарына филологиялық тұрғыдан талдау жасап, еңбегіне жоғары баға берсе, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ғалымның мемлекеттік қызметтегі, әсіресе, мемлекеттік тілді дамыту саласындағы зор еңбегін атап өтті. Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыздықов Шерубай Құрманбайұлының ғылыми әрі ұстаздық қызметіндегі елеулі жетістіктеріне тоқталып, «Күлтегін» төсбелгісін табыстады.
Іс-шараны Ұлттық академиялық кітапхана, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Абай университеті жанындағы Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы ұйымдастырды.