«Қазақ тілін меңгертудің тиімді жолдары» тақырыбында үш күндік біліктілікті арттыру курсы өтеді
2026 жылғы 12-14 мамыр аралығында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен «Қазақ тілін меңгертудің тиімді жолдары» тақырыбында үш күндік біліктілікті арттыру курсы өтеді. Онлайн форматта өтетін бұл шара Абай институтының шетелдегі сыныптарын жүргізетін әдіскерлерді тіл оқытудың жаңа мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталған.
Курстың негізгі мақсаты – оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және тіл меңгертуде қолданылатын инновациялық технологиялар мен коммуникативтік әдістерді талқылау.
Әдістемелік дәрістің ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов қатысып, құттықтау сөз сөйлейді. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай модераторлық етеді.
Оқу бағдарламасы үш күнге жоспарланған. Әр күн нақты тақырыптарға арналады.
12 мамыр күні курс аясында шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретудің ерекшеліктері мен тілді табиғи жолмен меңгерту тәсілдері қарастырылады. Бұл бағытта филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілін шетелдіктерге оқыту әдістемесінің маманы Айдар Балабеков және педагогика ғылымдарының кандидаты, тіл оқыту әдістемесі бойынша сарапшы Орал Жанатов баяндама жасайды.
13 мамырда қатысушылар қазақ тілін оқытудың кезеңдік жүйесі, бағдарламадан еркін сөйлеуге дейінгі үдерістермен танысады. Аталған тақырып бойынша филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілін оқыту әдістемесінің тәжірибелі маманы Гүлбағиза Мұсаева өз тәжірибесімен бөліседі.
14 мамыр күні тіл үйретуде жаттығуларды тиімді қолдану әдістемесіне ерекше назар аударылады. Бұл күні педагогика ғылымдарының кандидаты, тілдік коммуникация әдістемесі бойынша тренер Айнаш Құрманова практикалық ұсыныстарын көрсетеді.
Бағдарлама соңында барлық тыңдаушыларға біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталады.
Іс-шара 2026 жылғы 12-14 мамыр аралығында күн сайын сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін онлайн форматта өтеді. Шараға мына сілтема арқылы тіркелуге болады: https://docs.google.com/document/d/1g7mkCYUEWdp8yWpFQLx9eBBCQow7a-3t/edit?usp=drivesdk&ouid=106615568113420352794&rtpof=true&sd=true