Әр адам шет тілін үйренуге қабілетті – Қазақ тілін оқыту әдістемесінің авторы Владислав Тен

14.06.2018

Шет тілін білу – заман талабы. Бірнеше тілді білген де артықтық етпейді. Сондықтан болар соңғы жылдары қазақстандықтар арасында шет тілдеріне, әсіресе ағылшын тіліне деген сұраныс артып барады. Осылайша, әлем елдерінің көбі сөйлейтін ағылшын тілінің Қазақстанда да қолданыс аясы кеңейіп келеді... Бәлкім, бұл ерсі естілер, бірақ елімізде қазақ тіліне деген қызығушылық артқан. Қазір өзге ұлт өкілдері мен орыс тілді қазақтардың қазақша сөйлеуге талпынысы жоғары... Сонымен, елімізде тіл білгісі келетіндер көп, үйрететін мамандар да жоқ емес. Әр оқытушы өз әдістемесімен оқытады, білім алушылардың да қабілеті әртүрлі. Десек те, кез келген адам уақытын сарп етпей, ақшасын үнемдеп, тілді тез меңгеріп кеткісі келеді. Осы орайда, Baq.kz тілшісі бес тілде еркін сөйлейтін лингвист – әдіскер, қазақ тілін жеңіл әрі жылдам оқыту әдістемесін жасаған Владислав Тенді әңгімеге тартып, тіл үйренудің қыр-сырын білген еді.

Қазақ, кәріс, өзбек, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген кәріс жігіті Владислав Тен соңғы жылдары шет тілдерін жеңіл және жылдам оқыту әдістемесін жасаумен айналысып келетінін айтты.

«Мен бес тілді жетік меңгергенмін. Тек оның ішінде, қазақ тілін әлі де үйреніп жүрмін. Қазақ тілін терең зерттеп, үйрене бастағаныма бір жылдай уақыт болды. Жалпы айтқанда, маған бір тілді толық меңгеру үшін бір жылға жуық уақыт кетеді. Бірақ, сол бір жылда тілді шын жүрекпен, беріліп үйрену керек. Тек сондай жағдайда тілді жақсылап меңгеруге болады», - дейді «LingvaTen» орталығының жетекшісі.

Әдіскердің айтуынша, шет тілін оның грамматикасынан бастап үйрену қажет. Себебі, грамматика - тілдің негізі, оның генетикалық коды. Маман бірінші грамматиканы, одан кейін фонетиканы (дыбыс жүйесін), ал соңында сөздерді үйрететінін айтты. Оның дерегінше, қазіргі заманауи әдістемелердің көбі сөздерден бастап оқытуға негізделген. Бұл - дұрыс емес.

«Мен көп сөздерден бастап үйретпеймін. Сондай-ақ, тіл үйренушілер арасында «носитель языка», яғни шет тілі - өз ана тілінде еркін сөйлейтін адам керек деген пікір бар. Бұл - ең үлкен қателік. Мәселен, мен қазақ тілін өзім оқып алсам да, қазір қазақтармен қазақша сөйлесемін, сізбен де қазақша сөйлесіп отырмын. Ағылшындармен де солай. Тіл үйренуде «тыңдап оқу», мысалы, аудиокітаптарды оқу - ең пайдалы әдіс екенін айтып өткім келеді. Айтылып жатқан сөздерді тыңдап әрі көріп меңгерген дұрыс. Мәселен, мен қазір «Абай жолы» аудиокітабын оқи бастадым. Шет тілі, яғни өз ана тілінде еркін сөйлейтіндердің қажеттігіне қатысты мысал келтірсем, менен көбі «Влад, сен не үшін қазақ тілін үйреніп жүрсің?» деп сұрайды.

Менің айтарым, өзім 8 жыл бұрын Өзбекстаннан Астанаға келдім. Осында келмес бұрын тек орыс және өзбек тілдерінде сөйлейтінмін. Бірінші мамандығым – дәрігер. Кезінде Ташкентте гастроэнтереолог болып қызмет еткенімде пациенттерді жақсы түсіну үшін өзбек тілін үйреніп алған едім. Мен қазақтардың қазақ тілі мәселесін Астанаға келгенде ғана білдім. Себебі, мен бұрын «Қазақстанға барамын, қазақтармен тек қазақша сөйлесемін, осылайша қазақша тез үйреніп кетемін» деп ойлайтынмын. Бірақ, осында келгенде ешкім қазақша сөйлеуге тырыспайтынын көрдім, бәрі орысша сөйлейді. Әрине, қазақша тілдесетін қазақтар бар, бірақ оларды табу қиын», - деп әңгімеледі Владислав Тен.

Лингвист маман қазақ тілін бір жылда қалай үйренгенін баяндап берді. Оның айтуынша, қазақ тілі мен өзбек тілі түркі тілдеріне жататындықтан бір-біріне ұқсас келеді. Ол тілді өз әдістемесі бойынша, яғни грамматикадан бастап үйренгенін айтты. Грамматика бойынша кітаптарды оқығаннан кейін фонетиканы меңгеруге кіріскен. Әдіскердің айтуынша, қазақ тілінің дыбыс жүйесі өзбек тіліне қарағанда өте күрделі.

«Қазақ тілінде үндестік заңы бар, ал өзбек тілінде ол жоқ. Мен осы жерде қиналдым. Бұған қоса, әр өңірдің қазақтары әртүрлі сөйлейді. Мен оңтүстіктегі қазақтарды көбірек түсінемін, себебі олардың сөйлегені өзбек тіліне ұқсайды... Жалпы, мен тілдерді үйрену барысында бір нәрсе түсіндім. Кез келген тілді оқығанда адам өзін «мен де сол ұлт өкілімін» деп қабылдау керек. Сондықтан, мен біріншіден өзіме «мен де қазақпын» дедім. Одан кейін қазақ тілін үйреніп алдым», - дейді маман.

Ал қазір Владислав Тен қазақ тілін жеңіл және жылдам оқыту әдістемесін жасап, шетелдіктер мен орыс тілді қазақтарды қазақша үйретіп жүр. Сонымен қатар, кәріс және ағылшын тілдерін өз әдістемесімен оқытуда. Оның айтуынша, қазір көбі ағылшын тілін үйренуге келеді. Дегенмен, кәріс жігітіне қазақ тілін оқуға келетіндер де аз емес. Олардың қатарында орыс тілді журналистер мен танымал азаматтар да бар екен. Мәселен, тіл маманы қазір италиялық жігітке қазақ тілін орыс және ағылшын тілдерінде оқытып жүргенін айтты.

«Мен оларға күрделі, терең, жоғары деңгейдегі қазақ тілін үйретемін деп айтпаймын. Мен қазақ тілінің «фундаментін», оның негізгі құрылымын, сөз және сөйлем құру ережелерін, дұрыс айтылуын түсіндіремін. Мәліметті қызықты мысалдармен, грамматикалық салыстырумен, диалогпен жеткізуге тырысамын. Әрине, оқушылар әрі қарай менен де деңгейі жоғары оқытушыға барып, білімін жалғастыра алады», - дейді әдіскер.

Лингвист әр тілді өз әдістемесімен үйрететінін айтты. Сондай-ақ, ол «әр адамның қабілеті әртүрлі» деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«Неге адамдардың бәрі сөйлейді? Өйткені бәрімізде сөйлеу қабілеті бар. Ал, кейбіреулер «біреудің музыкаға қабілеті бар, ал басқада жоқ» дейді. Неге біреуде бар, біреуде жоқ? Қабілет бәрінде бар. Тек, тырысу қажет. Ал егер, сіздің қабілетіңіз нашар болса, сізге үйретудің амалын табу керек. Кейбір мұғалімдер «бастауыш, баяндауыш, зат, есім, етістік» дегендермен басымызды қатырады. Оның орнына жеңіл сөздерді қолдану керек. Осы зат есімсіз, яғни оның ережесін білмей-ақ адамдар жақсы өмір сүреді, қазақша да сөйлей береді. Мысалы, сіз математиканы жек көрсеңіз, оның себебі неде? Түсінбеуде. Ал, түсінгенде жақсы көріп кетесіз. Қазіргі кезде қазақ тілімен де жағдай солай болып тұр. Кейбір адамдар үйренгісі келмейді. Неге? Себебі, түсінбейді. Орыс тілді қазақтар қазақ тілін түсінбейді. Олар үшін қазақ тілі шет тілі сияқты болып кеткен. Сондықтан, қазақ тілін қайтадан, жаңа әдістемелермен оқыту керек. Қазақстанда қазақ тілді контентті көбейту қажет және тілді бала кезден бастап үйрету керек. Ана тілін білмейтін қазақтарға көмектесу қажет. Мен де қазақ тілін дамытуға өз үлесімді қосуға тырысамын», - деп түйіндеді Владислав Тен.

Комментарии (0)
Оставить комментарий