Әлеуметтік желідегі сауатсыздық

22.08.2017

Ғаламтор жүйесі өмірімізге енбей тұрған кезге дейін жарық көріп жатқан кітап, баспа өнімдері редактор, корректор мамандарының қырағы көзінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына айтарлықтай әсер ететін. Әрбір сөздің өз орнында тұруы, грамматикалық, стилистикалық талаптарға сай келуі маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Әлеумет­тік желілердегі жеке жазбаларға редакторлық, корректорлық жұ­мыстар жасалмайтыны белгілі. Бұл ті­келей әр адамның сөзге деген өз талғамына байланысты. Шынтуайтына келгенде, желі пайдаланушылардың тілді пайдалану мәдениеті де сан қилы. Мұндайда тілге деген жауапсыздық та қылаң бермей тұрмайды. Бүгінгі мақаламызда осы мәселе төңірегінде ой қозғап көрсек.

Қазақ тілінің, ана тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдение­тінің үлкен бір саласы – сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу нормасы. Технологияның өркендеген зaмaнындa әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дaмытудағы әсері қaзaқ тіл білімінде жaн-жaқты зерттелуі тиіс. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналып үлгерді. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, әртүрлі заттарға жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырған мәселе жөнінде көпшіліктің ойын білу мақсатында көпшілік осы желілердің көмегіне жүгінетіні белгілі. Еліміздегі ең белсенді әрі кең тараған «ВКонтакте», «Instagram», «Facebook», «Twitter», «WhatsApp» және т.б. әлеуметтік желі пайдаланушыларының көбейгені соның бір дәлелі.
Белгілі тілші-ғалым Мәулен Балақаев: «Анa тілін жaқсы білу – әркім­нің aзaматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсaй біліп, aйтқaн ойы мaзмұнды, нысaнaға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдaушысын бaурап aлaрдaй әсерлі болсa, aнa тілінің құдіреті сондa анық сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт» деген екен. Осы сөзге ден қойсақ, академиктің бұл пікірі, әрине, ауызша және жазбаша сөз қолданушыларға да тікелей қатысы бар.
Ғаламтор желілеріндегі граммати­калық қателіктер де көзге жиі ұшыра­сатын болып жүр. Сақтанбасақ, тілге де­ген салғырттық, немқұрайлылық осындайдан басталады. Желілерде пікір ал­мас­қан азаматтар осыдан біраз жылдар бұрын бір-бірінің қате жазула­рына ескерту жасап, түзету туралы ұсы­­ныс­тарын білдіретін еді, қазір мұн­дайды көп кездестіре бермейсіз. Сірә, қателіктерге көз жұма қарауға бой үй­ретіп алған­даймыз. Ал сонда тіліміз­дің та­залығын, мөлдірлігін келесі ұрпақ­тар­ға қалай жеткізбекпіз? Ойланатын мәселе аз емес.

Бүгінде ғаламтор қолданушы жастардың қолданып жүрген сөздеріне назар аударсақ, ол былай болып өріледі (жақша ішінде мағынасын қоса келтіреміз): «батан» (оқымысты), «тормозы ұстау», «зависать ету» (бөгеліп қалу), «базар жоқ» (таңғалғанда айтылатын сөз, келіскенді білдіру), «құлаққа лапша ілу», «құлақтан тебу» (өтірік айту), «маяк тастау», «скидовать ету» (қысқa қоңырау), «крышасы бар адам» (қолдау көрсететін адамы бар), «көзбен ату» (қадала қарау), «потеря болу» (қобалжу), «сущняк» (сусын), «қораға кіру» (тығырыққа тірелу), «лақтырып кетті», «отырғызып кетті», «қоянның суретін салып кетті» (алдап кетті) және т.б. Осы сарындағы жаргон сөздерді әлеуметтік желілерден де жиі кездестіреміз. Сондай-ақ бұл қатарға: «лайк басып тұр», «онлайн эфирге шық», «игнорға тығып таста», «блокқа түсіп қалмасын», «видеозвонок жаса», «қанша подписчигі бар?», «поделиться етші» және т.б. сөздерді қосуымызға болады. Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге өзінің нұқсанын тигізбей қоймасы анық. Тіпті бұлар қазіргі жастар арасында «тұрақты сөз тіркестеріне» айналып кетті десек, артық айтпағандығымыз. Мәселен, әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдерге қалайша жол бермеуге болады? Бір қарағанда мүмкін емес тәрізді. Десек те, қолдан келер амалдарды жасап көргеніміз жөн. «Сауатты жазайық», «Тіл тазалығын сақтайық» деп бастама көтеріп жүрген жанашыр азаматтар жоқ емес. Осы бағыттағы шараларды көбейтуге мән беруіміз қажет. Оқушылармен, студент жастардың арасында насихат жұмыстарын өткізіп, тіл мәдениетін көтеруді насихаттап отыруымыз керек. Сонда түрлі гаджеттерден, планшет пен смартфондардан әріптерді теріп отыруды қиынсынатын, хат жазу кезінде, жазба жазған уақытта қарапайым қателіктерді көп жіберетін желі қолдану­шы­лар да азаяр еді. Ал қазір ондайлар үшін әлеуметтік желілердегі ойды толықтырып жеткізу, сөйлемдердің шұбалаң­қылығы тәрізді мәселелер қалыпты жағдайға айналғаны өкінішті.

Ауызекі сөйлеу тілінің элементтері болып табылатын жаргон, диалектизм, варваризмдер де жиі ұшырасады. Белгілі бір әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топ­тардың басқаларға түсініксіз, құпия мағын­ада сөйлесуі сәнге айналған заманда жаргон сөздердің қолданыс аясы да кеңейіп келе жатқанын байқау қиын емес. Мысалы, мамбет (артта қалған адам), гламурно (сәнді) тәрізді сөздер, шоу-бизнес, жарнама, тауар және қызмет көрсету салаларында көптеп кездеседі. Мысалы:«Вооообще жок ко!», «Ол супермен ғой!», «Гламурно все таки, ия», «Мен саган звооондаган едим жоксин гой», «Конешно мен ренжимин саган», «Ойланшы осыган дурыстап» секілді сөздерде қандай мән-мағына бар? Біріншіден, сауатсыз, көрер көзге дөрекі, естір құлаққа түрпідей тиеді. Тағы да бір мысал келтіре кетейік: «Бүгін боласың ба? Болам. Колбағымды акел­дін бе? Ұмытыппын………… кешірші ааааааааааа………..» деп жазыпты бір желі қолданушы.
Осындай жазбалар самсап тұр. «Жүре берсең, көре бересің» демекші, адамдардың кейбір жазбаларын оқып отырып, қазақша ­сауатты жаза алмайтын адамдарға шара қолданар ма еді дейсің. Бұл – тілімізді қорлау ғой. Оған жол бермеуіміз керек. Бәлкім, заң арқылы реттеуіміз керек шығар. Арнайы нормалар қабылдасақ, қазақша қате, тілді бұзып жазатындар қатары азаяр еді.

Жалпы сөйлеу тілінде боп (болып), кеп (келіп), бересашы (бересалшы), кеші (келші) тәрізді дыбыстық құрамы жағынан қысқарған бірліктер де қолданылады. Бір байқағанымыз көптеген адамдар -да, -де, -та, -те шылауларының жазылу формасын білмейді. Қай жерде бірге, қай жерде бөлек жазылатынына мән беріп жатқан олар жоқ. Әйтеуір айтайын деген ойын жеткізсе болды. Фейсбук желісіндегі жазбаларды оқып отырып кейбір адам­дардың сауатсыздығына қарап, іштей қынжыласың. Аталған желі қолданушылары «Менде сені жақсы көремін», «Сендеде жоқ қой ол», «Бізгеде айта салшы», «Сендерменде, оларменде бармаймын» тәрізді қарапайым сөздерді сауатты жаза да алмайды. Күндіз-түні әлеуметтік желіде отыратындар мұндай нәрсеге мән бермей ме, әлде мұның өзге себебі бар ма, әйтеуір, жазбаларына қарасаң көңілің құлазиды. Бұл тілге деген немқұрайлылық емей. немене?

Зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған тағы бір мәселе – әлеуметтік желіде қазақ тілінің қ, ғ, ң, ә, і, ү, ұ, ө тәрізді төл әріптерінің сирек қолданылуы. Көп­шілік адамдардың ұялы байланыс телефондарында, планшеттерінде қазақша қаріптер жоқ. Бірақ ғаламтордан ұялы телефондарға арналған арнайы бағдарламаны жазып алуға болады. Өкініштісі, біздегілер оны жазып алуды қиынсынады. Ал компьютермен желіде отыратын адамдар көп жағдайда қазақ әріптерін орыс қаріптерінде бар таңбалармен алмастырып немесе латын қаріптеріндегі таңбалармен жазады. Мысалы, «салем», «калайсын?», «озин?», «не жаналык?», «нестеп жатсын?», «жаксы», «кайдасын?» деп жазу үйреншікті жағдайға айналғалы қашан?! Бұл салғырттық па, әлде сауатсыздық па?
Жаргондардан бөлек жастардың әрбір сөзінен орыс тілінің компоненттерін де байқауға болады. Мысалы, копировать ету – көшіру, сохранить ете сал – сақтап қой, удалить ет – өшір, комнатамдамын – бөлмемдемін. Орыс тіліне еліктеп, сөздерді қос тілде араластырып айтатындар да, жазатындар да көп арамызда. Өз туған тілінде жарытып сөйлемей, өзгенің тіліне жармасқандарға не дерсің?

Әлеуметтік желіде сөйлеу тіліне жақын құрылымдар көп қолданылады, яғни сөздің тұлғасын өзгертіп кең жазу да етек алып барады. Біріншіден, жіктік жалғауды түсіріп жазу: отырм – отырмын, ұйктайм – ұйықтаймын, билмейм – білмеймін, егер сөз жалпыға түсінікті болса, дауысты дыбыстарды түсіріп жазу: кдрп – қыдырып, мсқ – мысық, сөзді жөнсіз қысқартып қолдану: раха – рахмет, см – сәлем, сб – сау бол, қс – қалайсың, инет – интернет және т.б. Сонымен қатар, сөзді орфоэпиялық норма бойынша таңбалауда: не істеватсын (не істеп жатырсың?), барат (барады), келет (келеді), бошы (болшы) деген сөздер қолданылса, кейбір жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың. Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан. Міне, осындай жағдайлардан кейін тілдік нормалар қалай сақталсын?! Ғаламтордағы тіл сауатсыздығы күнделікті өмірде де белең ала бастады. Түрлі хаттамаларды, құжаттарды толтыру кезінде сауатсыз жазу дағдыға айналды.

Кейбір мамандардың айтуынша, ғалам­тордағы қарым-қатынас тіліндегі біз атап өткен қателіктердің орын алуы заңдылық екен. Ғаламтор тілі тез әрі жылдам қарым-қатынасқа қолайлы тіл. Оның басты ерекшелігі де осында. Чаттағы орфографиялық және пунктуациялық қателер, ауызекі тіл элементтері, сөйлемдердің қысқаруы, сөздердің орын алмасуының барлығы ғаламтор коммуникацияға тән сипат. Форум, блог, электронды хат түріндегі ақпарат жеткізу түрінде жоғарыда аталған құбылыстың орны ерекше. Желілер қарым-қатынасында орфография ережелерінің бұзылуы белгілі бір норманың бұзылуы болып саналмайды. Немесе сұхбаттасушысына қатысты құрметтемеушілік, сыйламаушылық болып табылмайды, - дейтіндер де бар. Бұл пікірмен келісе қою қиын. Сонда қателердің, сауатсыздықтың орын алуы заңдылық болғаны ма?

Сауатсыздық – қоғамдағы ең өзекті, ерекше назар аударар түйткілді мәселе. Ғаламтордағы тілбұзарлықтың алдын алу үшін не істеу керек? Бір сөзбен айтқанда, аталған түйткілді мәсе­лелерге бас ауыртып жатқандар да шамалы. Қазақ тілінің мерейін арттырып, абыройын асқақтататын жастардың сөйлеу мәнері жоғары­дағыдай болса, тіл тазалығын қалай сақтаймыз?
Әлеуметтік желілердегі сөз мәдениетін сақтау үшін елімізде ең алдымен:
1. Ақпараттық мәдениет жайында қажетті мәліметтер, жұмыстар жүргізіліп, кеңінен ­насихатталса;

2. Адамдар бір-біріне қарап түзеледі, сондықтан жастарға үлгі болатын қоғам бел­сен­ділері жарнамадан бөлек, сөз мәдениетіне қатысты игі істерді атқаруға атсалысса, сөз қателеріне қатысты түрлі танымдық мақалалар жарияласа;

3. Тілдің қолданылуы, оның маңызы жөнінде әлеуметтік желілерде талқыланып, тіл тазалығы, сауатты жазуға үнде­ген жарнамалар, жастардың патриоттық се­зімдерін арттыратын ақпараттар мен суреттер жиі берілсе;

4. Кез келген әлеуметтік желіні пай­да­ланушы тұлға тіл мәселесіне бей-жай қарамай, сауатты жазуға талпынса, ықылас танытса виртуалды әлемдегі сөз мәдениеті түзелері анық.

Қорыта айтқанда, жаңа заман жастарын әлеуметтік желісіз елестету қиын-ақ, десек те Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Тіл тазалығын сақтау – бейпіл, жаргон сөздерді пайдаланбау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады». Бұл жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты толғандыруы керек деп ойлаймын.

Тақырыпқа орай:

Асылбек ЕСЖАН, қала тұрғыны:
– Маған қазақша қаріптермен жазу ыңғайлы. Ал желідегі достарым тек қазақша қаріптермен жазады деп айта алмаймын. Көбі сауаттылық мәселесіне мән бермейді. Олардың арасында латын әріптерін қолданатындар да бар. Мен кейде сөздерді ауызекі тілде жаза салам. Сол кезде сөйлесуші тараптың әрбір қатемді жөндеп отыратыны ұнамайды. Қазіргі заманда сауатсыз адам бола қоймас, нақтылап жазып отыруға ерінетін адамдар көп. Бастысы әрқайсымыздың телефонымызда қазақша қаріптердің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Сауаттылық деңгейін арттыру қазіргі жастардың қолында.

Айнагүл КЕМАЛИЕВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Ғаламтордағы тіл сауатсыздығы туралы сөз қозғар болсақ, алдымен, тіл шұбарлығын айтар едім. Тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мәртебесі өз қолымызға тигенімен, тілімізге орнығып қалған кейбір аралас сөздерден әлі арыла алмай келеміз. Екінші қателік – қазақ қарпін пайдалана білмеу. Қазақ әліпбиіндегі тоғыз әріп әлі күнге өз орнында жұмсалмайды. «Қ»-ның орнына «к», «ә»-нің орнына «а», «ө»-нің орнына «о», «ң»-ның орнына «н» әріптерін жазу жастардың үйреншікті дағдысына айналып кеткен. Нәтижесінде сөздердің ақсауына жол береміз. Сондай-ақ кейбір сөздерді жөнсіз қысқартып жазу (ол да өзге тілде). Мысалы спс (рақмет), ок (жарайды, сізбен келісемін), т.с.с. сөздер жазба мәдениетімізге нұқсан келтіруде. Тағы бір үлкен мәселе – тыныс белгілерін орынсыз қолдану немесе мүлдем қолданбау – сөйлемдердің синтаксистік құрылымындағы қателіктерге жол беріп жатады. Менің ойымша, жастардың әлеуметтік желіні пайдаланудағы ескермейтін нәрсесі – ауызекі тіл мен жазба тілдің айырмашылығын ажырата алмауында. Ауызекі сөйлеу тіліндегі фонетикалық-грамматикалық қолданыстар, жазба тілде сол күйде қолданыста жүреді. Бұл жазба тіл мәдениетінің сақталмауына әкеліп соқтырады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий