Қазақ тілінің латын әліпбиіндегі нұсқасы ел аумағында сынақтан өткізілуде

17.08.2018

Қазақ тілінің латын әліпбиіндегі нұсқасы ел аумағында сынақтан өткізілуде. Қызылордада 500-дей мемлекеттік қызметкер мен әскерилер қазақтың жаңа әліпбиі бойынша сынама тапсырды. Жазбаша және сауалнама түріндегі сынақ нәтижесімен анықталған мәліметтер емле-ережелерінің жалпыхалықтық қолдауға ие нұсқасын әзірлеуге септігін тигізеді. Сондай-ақ қазақтілді қауым арасында латын әліпбиіне қатысты туындаған мәселелер жинақталады. Тілдік байқауға қатысушылардың қазақ мәтінін құрайтын төл, кірме және шетел сөзін латынша таңбалауда басымдық берген жазба-үлгілері жан-жақты талқыланады.        

ЕРБОЛ ТІЛЕШОВ, «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:  

- Орфографиялық сөздік, орфоэпиялық сөздік басқа да жұмыстар істеле бастайды. 2019 жылы нольдік сыныптар Қазақстанда осы жаңа әліпби оқу құралымен оқитын болады. 2020 жылы 1-сыныптар оқитын болады. Бұл сол үлкен жұмыстарға, жаңа бетбұрыстарға дайындық деп білеміз.

Қазақ тілінде латын қарпімен жазып үйренудің пилоттық жобасына қатысуға Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да мүмкіндік алды. Бұған дейін жұмыс тобы Өскемен қаласында болса, лингивистер семейліктермен кездесті. Мамандар қала тұрғындарына қанатқақты жобаның ерекшеліктерін баяндады. Тапсырмалар беріп, жаңа ережемен етене таныстырды.

БАҚЫТГҮЛ ЫСҚАҚОВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Сынама нәтижесінен кейін, оның барлық мониторингі жасалынып, халықтың пікірін есепке ала отырып, нәтижесінде емле ережесі бекітілуге ұсынылады.

Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бастамасымен қолға алынған шара республиканың барлық өңірінде өткізіледі. Мұндай байқаулар қалың бұқараның латын қарпіне көзін үйретіп, қол дағдысын қалыптастырады дейді, - ұйымдастырушылар.              

 

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий