Физика пәнін ағылшын тілінде меңгерудің тиімділігі

17.08.2018
Ғылыми-техникалық үдерістер қарқынды дамыған кезеңде еліміздің білім саласына ауқымды міндеттер жүктелуде. Осы орайда «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруға байланысты әрі жаһандық экономика жағдайында ғылымның тілін ағылшын тілінде игерудің маңызы зор екендігін уақыт дәлелдеп отыр.

Алматы қаласындағы білім берудің жаңаша әдіс-тәсілдерін терең меңгеріп, оқу мен тәрбиені заманауи талаптарға сай ұштастырып отырған «Жаңа ғасыр» №175 гим­­­назиясында ағылшын тілін меңгерудің өзіндік бағыт-бағдары жолға қойылған. Бәсекеге қабілетті білім беруде әрі оқушылардың тілді жылдам меңгеруіне байланысты әрбір пәнді оқыту мә­селесінде озық тәжірибелерге назар аударылады. Осы орайда физика пәнінің оқытушысы ретінде СLIL әдістемесінің тиімділігіне тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Аталған әдіс барысында мұғалімнің аз сөйлеп, оқушылардың бір-бірімен пікірлесу дағдысын қалыптастыру басшылыққа алынады. Пәндерді ағылшын тілінде игерудің маңыздылығы зор. Осы бағытта физиканы оқыту барысында ұстаздан көп ізденіс талап етіледі. Қажетті материалдарды іздеу, оқушыға бағыт-бағдар беру, осы салаға қатысты жетістіктер мен жаңалықтардан хабардар болып отыру әрі осының барлығын ағылшын тілінде меңгеруге мүмкіндік жасау – әр ұстаздың міндеті. CLIL пәндік-тілдік білім беру әдістемесінің тиімділігі негізгі пән мен шет тілін қатар оқытуда жатыр. Оқушы осы пәнге тән терминдерді, белгілі бір тілдік құрылымдарды оқып игеріп, пәндік терминология арқылы сөздік қорын жетілдіріп, дамыта алады.

Осы тұрғыдан алғанда терминдерді есте сақтау үшін «From Start to Finish» ойынын ойнатудың маңызы жоғары. Ойын кезінде оқушылар топтарға бөлініп, физикалық терминдердің қазақша, ағылшынша аудармаларын дұрыс тауып, баспалдақ түрінде орналастыру арқылы есте сақтай алады. «Find the terminology» (терминдерді тап) ойын әдісінде ағылшын әріптерінің орындары ауыстырылып, оқушы дұрыс жазылуын табуы қажет. «Puzzles» (пазлдар) арқылы оқушылар ағылшын тіліндегі анықтамаларды оқып, сәйкес орындарға термин­дерді жазады. Ал «Matching» (сәйкестендіру) қазақ-ағылшын терминдерінің немесе ережелердің дұрыс сәйкестендірілуіне не­гізделген. «True and False» (ақи­қат және жалған) ойыны барысында оқушылар өздері сұ­рақ құрастырып, ағылшынша ай­тылған анықтамасының дұрыс не бұрыстығына байланысты бір-бірінен жауап алады. «Cards» ойын әдісінде таратылып берілген карточкаларға сәйкес қандай тапсырма берілгенін анықтап, аудармасының жауабын табуы тиіс.

Физика пәнінің термин сөздерін ағылшын тілінде үйретудің осындай тиімді жолдарын қолдану арқылы әрбір сабақ қызықты өтеді. Әрі әдіс-тәсілдің артықшылығы, оқушы білім алып қана қоймай, ақпарат алмасады, топта өздігімен жұмыс істеп, ойымен бөлісуге, бір-бірінен еркін жауап алуға мүмкіндік алады. Жаңартылған білім беру жүйесінің озық жетістіктері ар­қы­лы білім саласындағы жоғары нәтижелерге жетумен қатар дарынды әрі ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде ұстазға үлкен жауапкершілік жүк­теледі. Ал бұл жағдайда мұғалімнің кәсіби шеберлігінің жоғары болуы ләзім. 

Әлия АНАРБЕКОВА, «Жаңа ғасыр» №175 гимназиясының оқытушысы
 
Комментарии (0)
Оставить комментарий