Ілеспе аудармашыларға арналған шеберлік сыныбы өтуде
Астанада ілеспе аудармашылар біліктілігін арттыруда.
Бүгін қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма жүргізуді үйретудің шеберлік класы басталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ ұйымдастырп отырған шара 24 тамызға дейін жалғасады.
Аталған шеберлік кластары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға ілеспе аударма жасайтын аудармашылардың біліктілігін арттыруды көздейді.
Шеберлік кластарында аударма теориясы, жазбаша аударма мен ауызша аударманың ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық үлгілері, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәрістер оқылады. Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасы, аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, аударма саласындағы ғалым мамандар озық тәжірибесімен бөліседі.
Шеберлік кластарын белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова және тәжірибелі ғалым аудармашылар жүргізеді.
Шеберлік сабақтарына орталық және жергілікті атқарушы органдары мен ұлттық компаниялардың аудармашылары қатысуда.