«Жауқазын» атты жас ақындардың жыр жинағы жарыққа шықты
Бұл жинақ әдебиетте жаңа есімдерді қалыптастыру, ұлттық поэзия ізін жалғастырар жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, жас буынды ұлттық мәдени құндылықтар рухы мен ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында жарық көрді.
Оқырмандар назарына ұсынылып отырған бұл жинаққа жыр әлеміне қанат қаққалы отырған жас таланттардың балауса шығармалары жинақталып отыр. Әрқилы кәсіпті меңгерген, түрлі оқу орындарында оқитын жастар мен мектеп оқушыларына дейінгі аралықты қамтыған бұл кітап арқылы оқырман елуден астам жас автордың өлеңімен танысады.
«Жауқазынның» редакторы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі ақын Ертай Ашықбаев: «Жалпы жинақта қамтылмаған тақырып жоқ деуге де болар. Ерте бүр жарған жауқазын енді жылына бастаған күн сәулесі мен ай-жұлдыздың нұрына шаттана шомылып, бірде қатты соққан, бірде баяу ескен желдің уіліне құлақ тосып жетіледі ғой. Сол сияқты бұл балғын қалам иелері де қоғам мен заманның үнін қағазға қалт жібермей түсіруге тырысатыны байқалып тұр. Сол үн дәйім серік болсын, жаңа жасыл жайлауларға жетелей берсін» - деп атап өтті.
Жалпы өлең қай уақытта да, қай кәсіптің де иесін жатсынған емес. Олардың барлығының басын қосатын – поэзияға құштарлық. Поэзия ізін жалғастырар Ақтөбелік жас ақындар – осының айғағы болып табылады.
Жыр жинақ қалың оқырман назарына ұсынылады.