Тіл дарындылары анықталды

21.09.2018

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық рухани бірлікті насихаттау мақсатында  2018 жылғы 19 қыркүйекте облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өткізілді.

«Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ» демекші, «Тілдарын» олимпиадасына 18-22 жас аралығындағы облысымыздың қала, аудандарынан келген білімді де талантты жастар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен шеберліктерін көрсетіп, өз біліктіліктерін шыңдады.

Қатысушылар үш кезең бойынша үш тілде берілген тапсырмалардың мазмұнын ашумен қатар, эссе жазу, ілеспе аударма жасау бойынша сынға түсті.

Баршамызды үш тілді бір тілдей сөйлейтін кейбір қатысушылар шешендігімен, тапқырлығымен, таңдаған тақырыбын қызықты етіп аша білуімен қызықтыра түсті.

Жоғары оқу орындарынан арнайы шақырылған ғалым, тіл мен әдебиет, педагогика салаларының өкілдерінен тұратын әділқазылар құрамы үміткерлердің білімдерін бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен мазмұндылығына, жауаптың оралымдылығы мен толықтығына назар аударды.

Әділқазылар алқасымен үш тілді жетік меңгерген жеңімпаздар анықталып, олимпиада нәтижесі бойынша өз білімін жоғары дәрежеде көрсеткен Ақтоғай ауданының үміткері Төлеу Жанар І орынға лайықты деп танылса, ІІ орынды Тереңкөл ауданынан келген Рыспекова Қызғалдақ, ал                ІІІ орынды Екібастұз қаласының қатысушысы Мадашова Зарина иеленді.

Барлық қатысушылар басқарманың арнайы дипломдарымен, алғысхаттарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

 

 

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий