Нарық заңы тіл саясатына қалай әсер етеді?

23.08.2017

Қазақстан да орыс тілінің әлемде құдіреті асып тұрған уақытында қостілділікті қостай білді (шынын айту қажет, бұл қостілділік емес, әлдеқайда диглоссияға жақын еді), ал қазір үштілділік үлгіге (қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі) өтіп кетті. Бұл тек Қазақстанға ғана тән емес, бүкіл әлемге тән құбылыс әрі әлемдік тілдік тенденция еді. Алайда ұлттық сана сезімін идеология ете алған елдер бұл құбылысқа берілмей отыр, соның өзінде де әлемдік бағыт пен жаппай жаһандану тілдік саясатқа әсер етпей қоймады. Бұл мемлекеттердің де әлемдік құбылыспен санасуларына тура келді. Бүгінгі әлемдік тілдік саясатта нарықтық заң жүріп тұр. Ал нарықтық заңның концепциясы белгілі: өзара тығыз қарым-қатынасты орнату. Өзара қарым-қатынасты қанағаттандыру үшін тілдік әртүрлілікті қысқартып, ірі тілдерді кеңінен тарату. Интенсивті әрі ұзақ уақытқа созылған қарым-қатынас қостілділікке, одан әрі көптілділікке алып келетіні белгілі. Глобалдануға дейінгі кезеңде тілдік саясат мемлекет ішінен басқарылатын, ғаламдану кезеңінде тілдік саясат халықаралық деңгейде жүргізіледі. Жаһанданудың өзі әлемдік байланысты қарқынды түрде орнату, дамыту. Демек халықаралық бағыт пен бағдар мемлекет ішіндегі тілдік саясатқа тікелей әсер етіп отырады. Әрі ғылым мен білімнің, мәдениеттің дамуы қостілділікке деген қабілеттілікті арттырды.

Үндістанда жергілікті хинди тілімен қатар ағылшын тілі де мемлекеттік тілдер қатарына жатады. Әрі халықаралық, әрі ұлтаралық қатынас тілі болып табылады. Алайда Үндістанда ағылшын тілі уақытша ғана мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Егер ертеңгі күні нарықтың заң бойынша ағылшындық қатынас қысқарса ағылшын тілінен бұл мемлекет еркін бас тарта салмақ. Сол тәрізді Чехия да неміс тілінен толық түрде бас тарқан еді. Алайда ағылшындармен тікелей қатынасқа түсіп отырған ирландықтар ағылшын тілінен бас тарта қоймады, африка мемлекеттері де француз тілінен алшақтамады, есесіне ағылшын тілінің статусын бекітіп көптілділікті тудырды. Африка француз тілінің, экс-кеңестік кеңістік орыс тілінің позициясында. Себебі бұл тілдер әлемдік нарыққа тікелей жол салып беретін «делдал» тілдер еді. Тіпті, Еуро одақта 23 мемлекет мүшелікте және барлық мемлекеттердің мемлекеттік тілдері бұл одақта формальді түрде қолданыс тілі (23 тіл де), алайда жұмыс тілі негізінен, ағылшын, француз, неміс, испан, итальян, поляк тілі болып табылады. Себебі Еуропа экономикасының генераторы болып отырған – Франция мен Германия. Мәселен, 1951 жылы ЕО құрылған уақытта темір мен болат өндіру арқылы Еуропаның экономикасын көтеруге әсер еткен мемлекеттердің тілдері негізгі жұмыс тілі болды.

Әлемдік тілдік үрдіс бойынша қостілділік (билингвизм) негізгі тілдік формулаға айналды. Әлемнің 70%-ы, ал Еуропаның 80%-ы қостілді деп танылады. Алайда, қарап отырсақ, қуатты мемлекеттер тек біртілділік (монотілділік) саясатын ұстанады. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Қытай. АҚШ-тың Конституциясында ағылшын тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілмеген, алайда мемлекет аумағында мемлекеттік тіл статусында ағылшын тілі және бұл әлемдік деңгейде «гиперорталықтанған тіл». Тіпті бұл тіл жағдаятына қатысты әлемдік стереотип те қалыптасып үлгерді: экономикасы қуатты, мәдениеті артық елдер біртілді де, артта қалған мешеу мемлекеттер қостілді не көптілді! Қостілділік – қалыпты, ал біртілділік – ерекшелік ретінде қаралуда! Ал ағылшын тілінің бүкіл әлемдік супертілге айналуына өткен ғасырда үлкен капитал мен қаржылық қор жинап алған АҚШ-тың экономикасы әсер етіп отырғаны белгілі. Бүкіл әлемдік мұнай қорының 60%-ын иеленіп отырған 22 мемлекеттен құралған Араб елдері классикалық тілі исламның фундаменті болғаны былай тұрсын, АҚШ-қа әсер ете алатын экономикасымен араб тілін әлемдік тілдер қатарына қосып отыр. 12 мемлекеттен құралған МЭЕҰ-ның (ОПЕК) 7 мемлекеті дәл осы Араб елдері. АҚШ-пен экономикасы жағынан тепе-тең келе алатын бір мемлекет бар, бұл – Қытай. Дәл осы тұста қытай тілінің мәртебесі туралы айтпаса да түсінікті. Қазірдің өзінде ағылшын тілі мен қытай тілін қарсы қою (vs) үрдісі пайда болды. Екі тілдің қайсысы болашақта әлемдік супертілге айналуға мүмкіндігі бар екендігі хақында айтыс-тартыстар тууда.

Қазақстан да Ресеймен экономикалық одақта отырғандықтан да Ресейдің ықпалымен орыс тілін қолдап отырмыз, оның үстіне Қазақстанның әлемдік саясаттағы көпветорлы бағыты мемлекет ішінде тағы бір тілдің синтезін алып келді, бұл – ағылшын тіл. Әлемдік рынокка шығу үшін де ағылшын тілін делдал ретінде пайдаланамыз. Ал ағылшын тіліне деген Қазақстандық тілдік саясат өз кезегінде Қазақстанның Еуро одаққа деген интеграциясын қабілеттендірмек. Украина мемлекеті де соңғы бірнеше жыл бойы Еуропалық мемлекеттермен ықпалдастығын, қатынасын орнату үшін, ЕО-қа кіру үшін Еуропа мемлекеттері қолданып отырған тілдік плюрализм саясатына жанталаса кірісуде. ЖОО еуростандартпен шет тілдерін оқыту үдерістерін жүргізіп жатыр. Ал өз кезегінде КСРО-ның ыдырауынан кейін ресейлік символ орыс тілі де посткеңестік кеңістіктен ығыса бастады. Ресей билігі әсер ете алмай қалғандықтан да бұл елдер орыс тілінен бас тартуда.

Демек тілдік саясатты да, тілдік әсер етушілік коэфициенті де мемлекеттің тікелей экономикасына байлынысты.

Комментарии (0)
Оставить комментарий