«English for Jastar» – жаңа жоба
«Нұр Отан» партиясы 7 мың оқушыны ағылшын тіліне оқытуды мақсат етіп отыр. Бүгінгі таңда 84 ауылдық аймақ пен аудан орталықтарында «English for Jastar» жобасының шеңберінде 9-11-сынып оқушыларына арналған тегін факультативтік курстар бастау алды.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде іске асып жатқан, үштілділікті енгізу жөніндегі ауқымды бағдарламаны қолдау бағытында дайындалды. Басты мақсат – оқушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға және қарым-қатынас машығын жақсартуға көмектесу. «English for Jastar» қанатқақты режімде 2 ай бойы жүргізіледі.
Ағылшын тілін оқуды, тілдің қолданушылары мен «Жас Отан» жастар қанаты арнайы іріктеген отандық мамандар үйретеді. Республикамызда үштілділікті дамытуға ниет білдірген еріктілердің саны 141 адам болды. Олардың 75-і жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттер.
Солардың бірі – Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 4-курс студенті Мирас Өзбеков. Ол тілді үйрету жұмысын «Зеленый бор» ауылында жүзеге асырмақ.
– Менің мақсатым – ауылдық мектептердегі балаларды ағылшын тіліне оқыту. Сонымен бірге мен өзімнің білім деңгейімді арттыра түсуді де жалғастырамын. Бұл мен үшін тиімді тәжірибе болатын шығар деген ойдамын, – дейді ол.
Ағылшын тілін оқыту бойынша факультативтік курстар тағы бір партиялық жоба шеңберінде барлық еліміз бойынша ашылған, 20 коворкинг-орталықта, сонымен бірге Қазақстанның 64 мектебінде ұйымдастырылды.
– Факультативтерде оқушылар мектепке қарағанда анағұрлым терең білім алатын болады. Сонымен бірге таяу уақытта балалардың шет елден келген тіл қолданушыларымен араласуға мүмкіндігі болады, – деп атап өтті партия хатшысы Тамара Дүйсенова.
«English for Jastar» жобасы жүзеге асып жатқан барлық аудандарға қажетті оқу құралдары жеткізілді. Осыған орай 172 Elementary мен Pre-Intermediate оксфордтық құрал жиынтығы бөлінді. Әр жиынтықта оқушыларға арналған Student`s Book, тапсырманы жасауға арналған Workbook, сонымен бірге ағылшын тіліндегі фильмдердің DVD-дискілері бар.