Шеттілдік сөздерді игеріп жазу мәселесі жөнінде
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында (12.04.2017 ж.): «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», – деп көрсетілген міндетіне сәйкес іске асырыла басталған сан салалы іс-шаралардың қатарында жаңартылған қазақ емле ережелерін әзірлеу ісі де қолға алынған болатын. Нәтижесінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының тікелей қатысуымен 9 тараудан тұратын Қазақ емлесінің негізгі ережелер жобасы дайындалды.
Әліпби ауыстыру арқылы шеттілдік сөздерді игерудің дәстүрлі жолдарын жаңғырту негізінде оларды жазуға бейімдеудің жаңа тетіктерін табу ұстанымын басшылыққа алған тілші-ғалымдар тарапынан Жобада шеттілдік сөздерді игеріп жазудың бірнеше жолы ұсынылған.
Мысалы, акут таңбасына негізделген латынграфикалы қазақ әліпбиінде жоқ жіңішкелік белгісін (ь) қазақ тілінің базалық нормасына сәйкес жіңішке дауысты дыбыстарды таңбалайтын графемалар арқылы беру жолы қарастырылған (қазақ тілінде дауыссыздардың жіңішкелігі қатар тұрған жіңішке дауыстылармен анықталатыны белгілі). Нақты айтқанда, жіңішкелік белгісі (ь) түсірілген сөздерде сөз басы мен бірінші буында жіңішке дауыстыларды жазу ұсынылады: ánsambl (-diń, -i, -ge, -der), dúbl (-diń, -i, -ge, -der), rúbl (-diń, -i, -ge, -der), párоl (-diń, -i, -ge, -der), ásfalt (-tiń, -i, -ke, - ter), púlt (-tiń, -i, -ke, -ter), ált (-tiń, -i, -ke, -ter), ós (-tiń, -i, -ke, -ter), vólt (-tiń, -i, -ke, -ter). Қазақ тілінің ұлттық айтылым нормасына сай сөздің бірінші буыны жіңішке айтылса, келесі буыны да үндесе келе жіңішке айтылады. Сондықтан да párоl (пәрол) деп жазылып, [páról] / [пәрөл] деп дыбысталады. Сол сияқты орыс тілі арқылы енген «ансамбль», «асфальт» сөздері де ánsambl (әнсамбл), ásfalt (әсфалт) түрінде таңбаланып, [ánsámbіl] / [әнсәмбіл], [ásfált] / [әсфәлт] деп айтылады т.б.
Осы ұстанымға сай аль- әріп тіркесімен басталатын және сөз ішінде екі дауыссыз дыбыс арасында жіңішкелік белгісі бар сөздерде ь түсіріліп, сөздің алғашқы буынын жіңішке дауыстымен жазу ережесі де ұсынылған. Мысалы, álbatros, álbom, álmanah, áltron, álfa, váls, bálzam.
Шеттіл сөздерін қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бейімдеп таңбалау жолдарының бірі ретінде танылып жүрген тетік – сөз соңындағы а әрпін түсіріп жазу. Осымен байланысты орыс тілінің «газета» сөзін ұлттық жазылым мен айтылымға икемдеп, қазіргі кездегі газет [гәзет] деп беру тәжірибесіне сай Жобада «минута», «граната», «цифра» сияқты сөздердің а әрпін сөз мағынасына әсер етпеген жағдайда түсіріп жазу ережесі ұсынылған: gazet (-tiń, -i, -ke, -ter), mınýt (-tyń, -y, -qa, -tar), granat (-tyń, -y, -qa, -tar), sıfr (-diń, -i, -ge, -ler).
Сонымен қатар тілдің синтагматикасында кездескенімен, қазақ тілінің парадигматикасына жат болып табылатын <в> фонемасын таңбалауда қазіргі кирилграфикалы қазақ жазуында орыс тілінің жазылу-айтылу нормасына сай «в» әрпімен орфограммаланылып жүрген ватсап, веб-сайт, вебинар, Википедия т.б. сөздерін, дәлірек айтқанда, ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w әрпімен басталатын сөздерді ý әрпімен жазу ұсынылған: ýаtsap, ýıkı, ýıkıpedıa, ýeb-saıt, ýebınar, bıznesýmen.
Сондай-ақ орыс тілінен енген ц аффрикатын таңбалауда да әзірлемешілердің ішінара 1938 жылғы латын тәжірибесіне сүйенгені байқалады: «пицца», «Ницца» сияқты қос ц (ts) тұлғасындағы сөздерден басқасы s әрпі арқылы берілген: sırk, sıfr, sılındr, sırkýl; desımetr, medısina, proporsıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korporasıa.
Бұған қоса орыс тілі арқылы енген -cт, -зд әріптіркесті сөздердің бүгінгі күнгі игеру тәжірибесіне сай соңғы дауыссызын түсіріп жазу ұсынылған. Мысалы, съезд сөзін қазіргі кезде съез деп таңбалап жүрміз. Осыған сәйкес латынграфикалы жаңа әліпби негізінде «съезд», «журналист», «манифест», «энциклопедист», «коммунист», «Эверест» сияқты сөздерді jýrnalıs (-tiń, -i, -ke, -ter), komýnıs (-tiń, -i, -ke, -ter), manıfes (-tiń, -i, -ke, -ter), ensıklopedıs (-tiń, -i, -ke, -ter), Everes (-tiń, -i, -ke, -ter), sıez (-diń, -i, -ge, -der) тұлғасында, яғни соңында тұрған «т», «д» әріптерін түсіріп таңбалау ұсынылған.
Қазақ емлесінің негізгі ережелер жобасын қарастыру барысында Орфографиялық жұмыс тобы мүшелерінің ерекше талқысында болған тағы бір мәселе – шеттіл сөздерін жартылай немесе толықтай «сындырып» таңбалау. Жартылай «сындырып» таңбалау бағытын ұстанышулардың пікірі бойынша, мысалы, «бульдозер», «пальма», «дубль» сөздерін búldozer, pálma, dúbl тұлғасында беру дұрыс деп танылса, толықтай «сындырып» таңбалау көзқарасын қолдаушыларының пікірі бойынша, «тренд» сөзін – tirent, «студент» сөзін – ústydent, «шрифт» сөзін shiripti түрінде жазу дұрыс деп танылады. Әзірге шешімін таппаған бұндай шеттіл сөздерін орфограммалау мәселесінде тілтанымдық негіздемелермен қатар экстралингвистикалық, әлеуметтік түрткіжайттарды да ескеру қажет деп ойлаймыз. Себебі әзірленіп жатқан жазу емлесі қазіргі қоғамдағы тіл иелмендері үшін түсінікті, қолайлы болуы шарт.
Хабиева А.А.,
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия
жанындағы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты