Аударма ісі мемлекеттік деңгейде талқыланды

24.08.2017

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында ұйымдастырылған ауқымды шарада аударма саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Еліміздегі түрлі жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, аудармашылар, редакторлар, баспагерлер мен әдебиетші мамандар, тілшілер бас қосқан жиында аталмыш саланың кемшін тұстарымен қатар оны шешу жолдары да қарастырылды - деп хабарлайды "Қамшы.кз" агенттігі.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыруды «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорына табыстаған еді. Жоба аясында философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік салалары бойынша танымал, әлемдегі ең үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылуы тиіс.

«Ұлттық аударма бюросы» ұйымдастырған шарада бюроның атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы іріктелген, қазақ тіліне аударылуы тиіс 17 кітап пен авторын атап өтіп, әр сала бойынша тағайындалған жауапты мамандардың пікірін тыңдады. Айта кетер болсақ, іріктелген кітаптарды аудару жұмыстарына 90-нан аса ғалымдар мен аудармашылар, ұстаздар қатысуда.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы кезең-кезеңімен іске асырылатын сатылардан тұрады: алдымен аударма мәтінін дайындап, кейіннен ол мәтін әдеби редакциядан өтеді, сонан соң аударма мәтіні баспаға дайындалады. «Ұлттық аударма бюросы» өкілдерінің айтуынша, аударма сапасын қамтамасыз ету мақсатында оқулықтар қосымша тәуелсіз ғылыми және әдеби редакциядан өтеді.

«Осы екі айдың ішінде негізгі жасалғаны – осы жоба барысын Қазақстандағы барлық ЖОО-ға таныстырып, өтініштер жіберілді. Еліміздегі ЖОО-дан 800-ден астам ұсыныстар келіп түсті. Кейіннен солардың ішінен 17-сі таңдалып алынды. Таңдалып алынған кітаптар – жоғары оқу орындарында, аудиторияларда қолданыста жүрген, мұғалімдер, профессорлар өз бетімен түрлі форматта қазақ тіліне аударып, лекция ретінде қолданып жүрген оқулықтар, негізінен ағылшын тілінде. Ұсынылған 800 оқулықты сараптай келе, келесі жылға дейін аударылуы тиіс 17 оқулық бекітілді. Кітаптарды сараптау кезінде мынадай талаптар бойынша іріктедік: кітаптар кемінде үш басылым көруі тиіс; соңғы басылымы 2014 жылдан кеш болмауы керек; сонымен қатар, әрине, таңдалып алынған оқулықтар дүние жүзіндегі танымал жоғары оқу орындарында қолданылып жүрген болуы тиіс», – деді «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Басқосуға арнайы келген саясаттанушы Айдос Сарым да өзінің пікірін айтып, аталмыш жоба аясында аударма саласының жоғары деңгейге көтерілгендігін атап өтті.

«Аударма саласы елімізде алғаш рет мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Осы уақытқа дейін, шындығына келсек, аударма ісі жекелеген азаматтардың қызығушылығымен, белсенділігімен, кезінде қалыптасқан дәстүрмен жасалатын дүние еді. Ұлттық аударма бюросы құрылып, екі-үш айдың ішінде біршама жұмыстар атқарып, аударма ісін жақсы дәрежеге шығарып жатыр», – деді ол.

Жиын барысында құрылғанына екі ай болған «Ұлттық аударма бюросының» жоба аясында бірқатар мәселенің түйінін тарқатқаны белгілі болды. Алқалы отырыста қазақ тіліндегі термин мәселесіне айрықша мән беріліп, терминологияны жаңарту керек деген байламға тоқтады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий