«Тілдарын» байқауының жеңімпаздары анықталды

19.10.2018

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырған шара өз деңгейінде өтті.

Бүгін Астана қаласы,  «Аланда» қонақүйінің 1-қабатында орналасқан конференц залында Астана, Алматы, Шымкент қалалары және өзге де облыстардан сүрінбей өткен сайыскерлер білімдерін таразылады. 18-22 жас аралығындағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін игерген жастардың білімін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады.

Қазылар алқасы құрамында Назарбаев Университеті қазақ тілі және түркітану кафедрасының  профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлісжан Сарқыт Қалымұлы, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану кафедрасының профессор ассистенті Байтелиева Жанар Дәрібекқызы, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, педагогика ғылымдарының кандидаты, шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Рахимбекова Гүлденсін Оразбекқызы, Ұлттық тестілеу орталығы, ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасының жетекші сарапшысы, филология магистрі Тоғызбай Нұргүл Батырбекқызы, Қазақ ұлттық өнер университеті, қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Кангужина Тоғжан Муталаповна бар.

Олимпиада ережесіне сай қатысушылар үш кезеңнен тұратын тапсырма орындады. Олар алғашқы айналымда берілген тақырыптардың мазмұнын үш тілде ашса, екінші кезеңде ілеспе аударма жасады. Соңғы сайыста қазақ тілінде берілген тақырыпқа эссе жазды.

Олимпиада қорытындысы бойынша, Қарағанды облысынан келген қатысушымыз Савин Сергей Сергеевич өзінің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгергендігін олимпиада барысында танытып, бас жүлдені (120 000 теңге) қанжығасына байлады.

Жүлделі І-орынды (100 000 теңге) Батыс Қазақстан облысынан келген Даулетова Мөлдір Талғатқызы жеңіп алды. Ал ІІ-орын (80 000 теңге) Астана қаласынан қатысқан Тоқтаров Нұрлыбек Нұржігітұлына бұйырды. ІІІ-орынды (60 000 теңге) Шығыс Қазақстан облысынан Әнуарбекова Ажар Айдынқызы мен Қызылорда облысынан келген Көбесова Айя Талғатқызы иеленді.

Қанағатова Мерей Мұратбековна мен Молдакулова Алтынай Қалибекқызына ынталандыру сыйлығы (30 000 теңге) табысталып, өзге қатысушылар алғысхаттармен марапатталды. 

 

 

 

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий