Қазақстан халқы латын графикасы негізінде диктант жазды
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары аясында 2018 жылғы 14 қараша сағат 11.00-де (Астана уақыты бойынша) республика бойынша латын графикасы негізіндегі «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, республикалық акция еліміздің барлық өңірлерін қамтыды және оған шамамен 2 млн. қазақстандық қатысты. Диктант бір уақытта республика бойынша өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өткізілді.
Сондай-ақ қашықтықтан қатысуға ниет білдірген республика тұрғындары үшін диктантты тыңдау сағат 11.00-де (Астана уақыты бойынша) «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоларының тікелей эфирінде және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында қолжетімді болды.
Жалпыреспубликалық акция жаңа қазақ әліпбиін насихаттауға, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыдан меңгеруге дағдыландыруға бағытталған.
Шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, жалпыхалықтық диктант қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойғанын барша халық ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл еліміздегі ерекше маңызды шешімдерінің бірі болды. Рухани жаңғыру – бұл төл әдебиетімізді, мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық сананы ояту. Әліпбидің алғашқы нұсқасына қоғам арасындағы талқылаудан кейін өзгерістер енгізіліп, 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен жаңа редакциядағы әліпби нұсқасы бекітілді. Жазуды жаңа әліпбиге көшірудің мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, экономикалық, саяси, ақпараттық, педагогикалық себептері бар. Осы орайда, қазақ жазуын латын графикасына көшіру де мезгілі жеткен мәселе екенін қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан талқылаулар көрсетіп отыр. Бүгінгі «Жалпыхалықтық диктантты» ұйымдастырудағы мақсатымыз - республика тұрғындарына жаңа әліпбиде таңба ғана ауысатынын, қазақ дыбыстары сол күйінде қалатынын түсіндіру, жазу дағдысына бейімделу. Диктанттың ерекшелігі сол республика бойынша барлық азаматтардың қатысу еркіндігінде. Халық практикалық тұрғыда сезінгенде ғана алдымызда тұрған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарының маңыздылығын түсінеді. Осы жалпыхалықтық шараға бәріміз ат салысып, жаңа таңбалармен жазуымызды бастайық, - деді ол.
Диктанттың тақырыбы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрды. Диктант аяқталғаннан соң мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жалпыхалықтық диктантты өткізу бастамасын белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, спортшылар, сонымен қатар мәдениет және өнер саласының тұлғалары да қолдады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында диктантқа белгілі ақын-жазушылар Жанат Әскербекқызы, Қонысбай Әбілов, қазақстандық әртіс Майра Мұхамедқызы, спортшылардан Мұқанов Азамат, Максим Раков және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.