Қазақ жазушыларының 40 туындысы Кореяның ең ірі кітапханасының қорында
Қазақстанның әдеби өнері таңғы самал елінде. Қазақ жазушыларының қырық туындысы Кореяның ең ірі кітапханасының қорын толықтыра түсті. Қазақ әндері, суреттері және кітаптары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сеулде өткен қазақстандық мәдени форумда табысталды. Форумға ғалымдар, жазушылар мен журналистер, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты. Мұндай шығармашылық кездесулер екіжақты байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
ӘБДІЖӘЛЕЛ БӘКІР, САЯСИ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Біз мысалы Корей фильмдерін өте жақсы көреміз, өйткені ондағы көптеген әдет-ғұрыптар біздің қазағымызда да бар. Соны ескере отырып, ай осы түбімізде бір жақындық бар деп ойлаймыз. Меніңше, сол жақындық арқылы арақатынас молая берсе, екі халық та тек ұтады.
Жиынға қатысушы кореялықтар қазақстандық кітаптар және суреттермен танысуымен қатар, туынды авторларымен де жүздесуге мүмкіндік алды. Кореяның ең ірі кітапханасына сыйға тартылған шығармаларының ішінде Алдан Смайылдың, Несіпбек Айтұлының және Зинаида Чумакованың туындылары бар.
КИМ ХЕ РИН, КОРЕЯ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕР:
- Бұл туындылар біздің кітапханада қазақ бөлімін ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бізде осындай 7 шетел секцияларымыз бар. Шығармалар корей тіліне аударылса, онда қазақ мәдениетімен одан да тез танысуға мүмкіндік туады деп ойлаймын.
КИМ ХИ ЧУЛЬ, ХАНЬЯН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:
- Кореялықтардың қазақ кітаптары мен фильмдеріне қызығушылығы зор. Бірақ тамаша қазақ шығармалары корей тіліне әлі аударылмаған. Қазақстан үкіметі осы мәселені шешуге көмектессе, алғысымыз шексіз болар еді. Корея кітапханаларында корей жазулары бар тартымды қазақ фильмдер болса деп армандаймыз.
Мәдени ынтымақтастық аясында қазақстандық делегация Сеул қаласының көрікті жерлерімен танысты. Ал корей жазушылары екіжақты қарым-қатынастардың жаңа тарихи беттерін жазу мақсатында Қазақстанға шақырту алды.