ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ – ТІЛТАНЫМДЫҚ РЕФОРМА

11.01.2019

2018 жылдың 19 ақпанындағы латыннегізді әліпбидің жаңа нұсқасын бекіткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы қазақ халқының, қазақ тілінің даму жолына үлкен бетбұрыс жасаған бүгіннің ғана емес, болашақтың да бағытын анықтаған маңызы зор тарихи құжат болды. Сөйтіп, осы күннен бастап елімізде тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет жалпыхалықтық тілтанымдық реформа жүзеге асырылып жатыр.

    Бұл мәселеде ең алдымен тіл­танымдық реформа ұғымына жан-жақты түсінік беру керек. Қазақ жазуын жаңа әліпбиге көшіру арқылы жаңарту идеясының бастамашылары тілтанушылар болды. Ол – ХХ ғасырдың 90-жылдары Президентімізге әліпби ауыстыру туралы ұсынысхат жазған академик Әбдуәли Қайдар. Әліпби ауыстыруды тұңғыш рет реформа деңгейіндегі ауқымды шара екенін айтқан ғалым профессор Н.Уәли болды. Оның зерттеуімен бұл реформаның басты түрткіжайты – тілтанымдық екені анықталды.

   Сонымен тілтанымдық реформа дегеніміз – жазу реформасынан әлдеқайда кең ауқымды үдерісті қамтитын ұғым. Егер жазу реформасы тек әліпби ауыстырумен шектелсе, тілтанымдық реформа тілді оңтайландыру мен «ұлттандыру» бойынша одан ары қарай жүретін өзгеру процестерін қамтиды. Мәселен:

1) терминологиялық жүйеде жаңа әліпбимен таңбаланатын шеттілдік сөздердің ішінен төл лексикалық бірлікпен аударуға келетіндерін аудару ұсынылып, бұл бағытта көптеген шара атқарылып жатыр. Мұнда әсіресе Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған «100 жаңа оқулық» бағдарламасының қызметі зор. Бағдарлама бойынша шетелдік рейтінгі жоғары ЖОО-ның оқулықтары мен танымал заманауи авторлардың оқу құралдары тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып жатыр. Жаһандық құр­маласу нәтижесінде танымалдығы жоғары лексикалық бірліктер төл тілдің ресурстарымен қазақшаланып жатыр. Яғни, терминологиялық қорды латын графикасы негізіндегі әліпбимен таңбалау алдында бұрынғы орыс тілінен автоматты түрде алына салынған терминдерге «ревизия» жасалып, олардың ұлттық тілдегі баламасына аудару үдерісі қарқын алып отыр. Мәселен, «100 жаңа оқулық» жобасының беделді аудармышаларының бірі, Ұлттық аударма бюросының бас маманы Назгүл Қожабектің мәлімдеуінен, «ағылшын тілінде -al және -ive формасында жасалған rational, objective, negative және т.б. сын есімдерді қазақ тілінде қолдану мәселесі өзекті болып отыр. Осы күнге дейін мұндай формадағы сөздер қазақ тіліне орыс тілі арқылы аударылып кіргізілді. Мысалы: объективНЫЙ – объективТІ, рациональНЫЙ – рационалДЫ. Бұл сөздердің түбірі түпнұсқа тілінде онсыз да сын есім формасында, яғни «қандай» деген сұраққа жауап береді. Оған орыс тілінің суффиксі жалғанып, кейін қазақ тіліне түпнұсқа сөздің өзі емес, орыс тіліндегі туынды сын есім аударылып жүр. Морфологиялық құрылымы бойынша талдасақ, ағылшын тілінің сын есімдеріне қазақ тілінің жұрнағы жалғанбауы немесе жалғанса да, сол сын есім жасалған есім сөз түбіріне жалғануы керек.

    Осы себептерді ескере отырып, қазірдің өзінде оқулық мәтіндерінде «-ал, -ив» деп аяқталатын ағылшын сөздерін қазақ тілінде қосымшасыз қолдануды бастадық. Мысалы, виртуалды емес, виртуал, радикалды емес, радикал. Сол сияқты әлеуметтану саласында ағылшын тілінде қолданылатын бес терминге қазақша балама ұсындық, ғалымдар қабылдады. Олар: nothing – мәнсіздік, nonplaces – беймән-орын, nonthings – беймән-заттар, nonpeople – бей­мән-қызметкер, nonservices – беймән-қызметтер деп көрсетілген және бұдан да басқа көптеген қазақша терминдер жасалып жатқаны анық.

2) ономастикалық кеңістіктегі ұлттық тілдің жай-күйі де «ревизия» үдерісімен ерекшеленеді. Ономаст ғалымдар бүгінгі күні Қазақстанның жер-су атауларын латын әліпбиімен транслитерациялау мәселелерін шешумен қатар бүгінге дейін кеңестіктоталитарлық жүйенің күштеп енгізуімен қалып қойған ономастикалық атауларға төл ұлттық атауларын қайтаруды қарқынды түрде негіздеумен айналысып келеді. Кісі есімдеріне қатысты да өзгерістер байқалып отыр. Мысалы, Қазақстанның МСМ Тіл комитетінің мәліметінше, Павлодар облысының Качирский және Лебяжий аудандарының аттары Тереңкөл және Аққулы болып өзгертілді, Оңтүстік Қазақстан Түркістан облысы атанды, Батыс Қазақстан облысындағы Чингирлау деп ресми бекітілген аудан аты ұлттық тіл заңдылығына сәйкес Шыңғырлау болып ауысты, Орал қаласының идеологиялық ескірген мазмұндағы 87 көшесінің аты қазақшаланды, Ақтөбе қаласы мен облысындағы 60 көше мен Алматы қаласының 164 көшесінің аты ұлттық тілге өзгертілді. Жалпы алғанда, 2018 жылы Ономастикалық комиссия 7 рет отырыс өткізіп, 800-ге жуық ономастикалық атауды қайта қарады, оның ішінде мектеп, балабақша сияқты білім беру орындарының, көше, саябақ, қала, облыс, аудан, елдімекен және т.б. көптеген нысан аттары бар.

   Латынграфикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшудің жалпыұлттық жоспарына сәйкес 2024 жылы жүзеге асқалы отырған Қазақстан қазақ азаматтарының төл­құжаттарын жаппай қайта шығару науқаны қарсаңында қоғамда ұлттық есім беру үлгісін насихаттайтын шаралар көбейді. Бұл кісі есімдерін жазу мен есім берудің ұлттық жүйесіне қайта оралу үдерісінің қарқынды түрде іске қосылғанын байқатады;

3) тілтанушы ғалымдар әзірлеген жаңа емле жобасындағы жаңалықтар емленің ұлттық жазу жүйесіне негізделіп жасалып жатқанын көрсетті. Егер бұған дейін әліпби ауыстырған түркітілдес елдердің тәжірибесі орыс сөздерін таңбалайтын әріптерді жаппай бір үлгімен автоматты ­транслитерациялау принципін ұстанғанын көрсетсе, қазақ ғалымдары қоғамның сұранысына қарай бұдан тереңдеп, кирилдегі әріптерді таңбалауда сөздердің игерілу механизміне, яғни фонетикалық және тұпнұсқалық принципті үйлестіре отырып таңбалауға арқа сүйегені анық байқалады.

    Бұл мәселені зерттеген отандық ғалымдардың қорытуынша, латын графикасына негізделген қарақалпақ, өзбек, түркімен емлесінің кирилдегіден айтарлықтай айырмасы жоқ. Бұларда шеттілдік сөздер транслитерацияға негізделеді. Әдетте тілдегі сөздердің бір тобы транслитерацияға, екіншісі ұлттық жазу дәстүріне негізделетін емлелер сипаты жағынан аралас әрі қолайлылығы жағынан орташа деңгейдегі емлеге жатады.

     Ал қазақ тілінің бүгінде ұсынылған негізгі емле ережелерінің жобасында шеттілдік сөздердің емлесі әлемдік озық жазулар тәжірибесіне сәйкес ұлттық жазу жүйесіне үйлескен түрде, бір жағынан, фонетикалық принципке, екінші жағынан, дәстүрлі жазу принципімен үйлестіріліп беріліп отыр. Емле жобасының «Кейбір кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесі» атты VIIІ тарауы осы мәселеге арналып отыр. Жобада шеттілдік сөздер қазақ тілінің дыбыстау үлгілеріне әрі тұпнұсқа тілдегі тұрқына ұқсас, яғни фонетикалық және түпнұсқалық принциптердің үйлесімімен берілді. О баста бір-біріне қарама-қайшы бағыттағы бұл екі принципті бір сөздің жазылу үлгісінде ұштастырудағы емлешілердің көздегені сөзді дыбыстауға сәйкес таңбалау арқылы әсірефонетикалық жолға түсіп, оның графикалық образының мәтін ішінде мүлде танылмай қалуына жол бермеу (мысалы: ведомость – бедіміс/bedimis, студент – істүуденіт/istú ýdenit), екінші жағына, бүгінгі күнге дейін шеттілдік сөзді орыс тілінің емлесіндегідей еш өзгеріссіз алудан біржола кету. Сөйтіп, шеттелдік сөздер, бір жағынан, мәтін ішінде түпнұсқа тілдегі тұрқына ұқсасатығы арқылы көзшалымға тез танылса, яғни түсініп оқуды қиындатпаса, екінші жағынан, ұлттық дыбыстау үлгісіне ұқсастығымен тіліміздің креолануына жол бермейтіндей тұрпат алды: ережеде ë таңбалы сөздер – manо́vr, brýselо́z, aktór, amóba, dırıjо́r, rejısо́r; ц таңбалы сөздер – sırk, sıfr, sılındr, sırkýl; desımetr, medısına, prop­or­sıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korpo­ra­sıa, seh; senarı, sıofıt, abses, absısa, ple­bısıt; щ – ýchılıshe, praporshık; э – element, elevator, epopeıa, poetıka, ko­efı­sent; ю – parashút, absalút, glúkoza, debút, prodúser, lúks, salút, valúta, búdjet, búrokratıa, sújet, búleten; fúchers, kompúter, tútor, konúktýra, konúktıvıt; я – akýmýlа́tor, mýláj, zarа́d, kalkýlа́tor; ь таңбасы бар сөздер аnsámbl, dúbl, rúbl, parо́l, asfált, púlt, ált, búldog, batalón, medalón, gаstról, аlkogól, sırkúl, álpınıs, kоbált, festıvál, оftálmolog, búldozer, múltfılm, fólklor түрінде орфограммаланған.

    Бұл өз кезегінде тілдің жүйесіне де оң әсерін тигізбей қоймасы анық, шеттілдік сөздердің жазылуы мен айтылуы ұлттық тілдің жүйесіне негізделіп, бірқатар сөздер этимологиялық кірме сөздер, яғни төл сөздерге жақын категорияға ойысады. Сонымен бірге, жаңа емле шеттілдік сөздерді жазуда тілдің сыртқы әсерді дыбыстық деңгейде игеруінің ұлттық механизмін қайта іске қосады;

4) қазақ тілі пәнінің ғылыми курсының мазмұнына жаңа жазуға байланысты және жаңа жазу тудырған тілдегі өзгерістерге қатысты жаңалықтар мен жаңартпалар қосылады, барлық білім беру деңгейлеріндегі қазақ тілі оқу пәнінің дидактикалық материалдары мен ғылыми білімдер жүйесінің мазмұны жаңарады, сонымен бірге, тек жазуға қатысты емес, жалпы тілдің барлық жүйесіне қатысты бұған дейін анықталған, бірақ оқыту үдерісіне енбей келе жатқан ғылыми білімдер жүйесі қосылады;

– әдістеме мен педагогика сала­сында: латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиді меңгертуге қатысты қысқамерзімді біліктілік арттыру курстарына қатысқан мұғалімдердің біліктілігі тек жазу теориясына қатысты білімдермен емес, басқа да тілтанымдық жаңа білімдермен толығады; қоғамдық санадағы қазақ тілі туралы білімдер толығады, жаңарады, кемелденеді.

 

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,

ғалым-лингвист

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий