Жазу сауаттылығы және Алаш қайраткерлері қалыптастырған әдістеме
Емле ережесі бекігеннен кейін жоспарға сәйкес оқыту курстары басталатыны белгілі. Жалпы, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйрету жаңа әліпби бойынша тіл дыбыстарының жазылуын және емле ережесі негізінде сауатты жазуды үйрету мақсатын көздейді. Ал көрсетілген мәселе қай кезеңде де күн тәртібінен түскен емес. Өткен ғасырдың басында Н.Төреқұлов, Т.Шонанов, А.Байтұрсынов сынды алаш қайраткерлері тіліміздің жазу үлгісі мен емлесінің қалыптасуына зор еңбек етті. Ең маңыздысы, тілді оқыту, емлені меңгертуде басшылыққа алынатын ұстанымдар, әдістемелік мәселелер ғалымдардың назарынан тыс қалмады. Қазақ жазуын латын графикасына ауыстыру барысында қолға алынатын оқыту курстарында осы ғалымдардың әр пікірі басшылыққа алынғаны жөн деген ойдамыз.
Ұлттық комиссия жанынан құрылған Әдістемелік жұмыс тобының мүшесі, белгілі ғалым Т.Аяпова жаңа емле ережесін оқытуда қазақ тілі емле ережелерін адаптацияға түсіріп, 4 түрлі вариантын жасау керектігін айтады. Бұның өзі қоғамның әр мүшесінің сауатты жазуын қалыптастыру үшін де аса қажетті. Өйткені үйренушінің жас ерекшелігіне қарай дұрыс жүйеленіп берілген ереже сауатты жазудың кепілі болмақ.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының белгілі ғалымдарынан құрылған жұмыс тобы тарапынан Ұлттық комиссияға ұсынылған емле ережелері жобасында 107 параграф бар. Сөз жоқ, бәрін бірден меңгеру оңайға соқпайтынын байқауға болады. Әсіресе, кірме сөздердің жазылуына байланысты ережелер мұқият танысып, тәжірибе жүзінде ұзақ пысықтауды қажет етеді. Осы уақытқа дейін жүргізілген тренинг, түрлі шаралардан аңғарғанымыз – емле ережелерінің күрделілігі. Алайда Нәзір Төреқұловтың өткен ғасырдың басында айтқан мына бір уәжінен қорытынды шығаруға болатын тәрізді. «... қазақ тілінің 1929 жылы бекіген емлесі нақ осындай күйде. Бір көруге оп-оңай. Таза қазақша сөздің емлесіне арналған ережесінің саны 12-ақ, терминнің жазуына арналған ереженің саны – 18. Емле осы сықылды «жабайы» болған соң, дұрыс жаза білу оп-оңай болу керек еді, жұрттың бəрі де дұрыс жаза алатын болу керек еді. Бірақ шынында олай емес: жұрттың бəрі де дұрыс жаза алмайтын болып отыр. Сондай-ақ бүгінге үлкен мәселеге айналып отырған мына мәселені де назардан тыс қалдырмайды», - дейді ғұлама. Келтірілген пікірден аңғарғанымыздай, мәселе емле ережелерінің аз-көптігінде емес екен. Ең бастысы, ол нақты, дәл, түсінікті, ұғынуға жеңіл болғаны абзал.
Әліпби үйренушілер емле ережелерін өз бетімен емес, оқытушының үйретуі нәтижесінде ұғынады. Осыны ескеріп келгенде, Ахмет Байтұрсыновтың пікірінше, сауат ашу курстарында емле ережелері жобасында көрсетілген орфографияның төмендегі мәселелері назардан тыс қалмауы керек: «Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек». Осы арада тілші-ғалым оқыту курстарының алдына қоятын мақсатын анықтап беріп тұрғандай.
Сонымен, орфографиялық дағды қалыптастыру қалай жүзеге асады? Сауат ашудың алғышарттары ретінде дыбысты әріппен таңбалай білу, каллиграфиялық талапқа сай жазу, емле ережелерін дұрыс түсініп, ережеге сай жаза білу мәселелері аталады. Біздің ойымызша, лайық ережелерді қолданып, тұрақты түрде жазу дағды қалыптастыруға апарар жол болмақ.
Алаш қайраткерлері жазу сауаттылығын қалыптастыру үшін әдістемелік жағынан қажетті мәселені назардан тыс қалдырмаған. Бұл ретте А.Байтұрсынов дағдыландыру, сынау деген ұғымдарды қолданса, Т.Шонанов көшіру, емлеге жаттықтыру, сынау ұғымдарын қолданады. Сондай-ақ жазуда сауаттылық қалыптастыру үшін осы аталғандардың үстіне көрнекіліктер қосылады.
Жазу сауаттылығын қалыптастыру, дағды қалыптастыру төңірегіндегі Алаш зиялылары қозғаған әдістемелік мәселе болашақта қолға алынбақшы курстардың ішкі мазмұнын жоспарлауға негіз болуы керек деген ойдамыз. Біздің ойымызша, сауатты жазуға дағдыландыру үшін тапсырмалар төмендегідей үш бағытта берілуі керек:
- көрнекіліктер;
- жаттығу тапсырмалары;
- диктант, тест сұрақтары түріндегі бақылау тапсырмалары.
Мысалы, көрнекіліктің мынадай үлгілері болса, ережелер түсіндірмей-ақ қабылданады.
Ал жаттығу-тапсырмалардың шарттары қажетіне қарай түрлендіріліп беріле береді:
- кирилмен берілген сөздерді латын қарпімен жазыңыз;
- сөздерді дұрыс жазыңыз;
- қатесін табыңыз және дұрыс жазылуын көрсетіңіз;
- жалқы есімдерді жазып жаттығыңыз;
- кісі аттарын ережеге сәйкес жазыңыз;
- кирилмен берілген шеттілдік сөздерді латын қарпімен жазыңыз т.б.
Ережені пысықтап-түсіндіру мақсатындағы жаттығулар орындалғаннан кейін курсқа қатысушының сауаттылық деңгейін бақылау мақсатында төмендегідей тест тапсырмалары беріліп жатса, құба-құп.
1. Qate jazylǵan shettildik sózdi kórsetińiz. A) senar B) pittsa C) abses D) med s
|
2. Emle bo durys jazylǵan nusqany kórsetińiz. A) dj B) menedjer C) búdjet D) djentilmen |
Сонымен, жазу сауаттылығын қалыптастыру төңірегінде алаш зиялыларының өткен ғасырдың басында айтқан пікірі бүгінгі күнде де маңызды болып отыр. Соның бәрін басшылыққа алып, алдағы уақытта оқыту курстарын дұрыс ұйымдастыра алсақ, нәтижеге қол жеткізу қиын емес.
Жұпар Жақанова,
Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасы жанынан құрылған
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі