Отбасы үлгісіндегі жетім балаларға арналған арнайы қазақ тілі курсы «Тілдік келісім» жобасы басталды
Ағымдағы жылдың 5 наурызында облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Тілдік келісім» жобасының ашылу кезеңі өтті.
Аталмыш жобаға Павлодар қаласының, Кенжекөл ауылының және Тереңкөл ауданының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты.
Ата-ана қамқорлығынсыз қалған 90 балаға 3 ай бойы оқыту курсы өтетін болады.
Арнайы қазақ тілі курсының мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясының модельдерін қалыптастыру, жастардың бойына қазақ тілінің коммуникативті дағдыларын қалыптастыру.
Жоба барысында балаларға қазақ тілін үйрете отырып, жергілікті тарихты зерделеуге бейімделген өлкетану бойынша оқытудың жаңа форматы арқылы қолданылатын курстар өткізіледі. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеуде заманауи технологиялар қолданылып, курс барысында интерактивті презентация, бейне материалдар, практикалық сабақтар, тренингтер, топпен жұмыс қызметтері және тыңдаушыларды қасиетті жерлерге, музейлерге, театрларларға, әлеуметтік маңызы бар шараларға апару қамтамасыз етіледі.