Білікті мамандар даярлау курсы басталды

29.03.2019

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  ағымдағы  жылдың 2-3 сәуір күндері Шымкент қаласында және 4-5 сәуірде Түркістан қаласында «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» атты латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін республикалық дәріс-семинар ұйымдастырады.

Республика көлемінде жаңа латын графикасымен жазылған жазба тіліміздің жүйесін, емле ережелерін ғылыми негізін  түсіндіре алатын білікті мамандар дайындаудың маңызы өте зор.

Дәріс-семинар мақсаты – латыннегізді  қазақ  әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын,  емле нормаларының ғылыми негіздерін ересек аудиторияға оқыта, түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындау.  

Тыңдаушыға қазақ әліпбиінің қысқаша тарихы, графикасы мен құрамы,  әріп-фонема арақатынасы, қазіргі айтылым және жазылым нормалары туралы ақпарат беріледі. Ересектерге латын әліпбиін үйрету кезінде мүмкіндіктерін дамытып, білімін толықтырады. Жаңа емле ережелерін үйрету барысында инновациялық педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдердің ғылыми-iзденушiлiк және оқу-әдiстемелiк қағидалары қолданылады.

Семинарға өңірдегі оқу орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, мекеме қызметкерлері, БАҚ, баспа қызметкерлері қатысады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий