Тілді қалай оқытып жүрміз?

11.04.2019

Қазір жер шары халқының 70 пайыздайы екі, не одан да көп тілді әртүрлі деңгейде меңгерген. Бұл қазіргі заманның қажеттілігінен туындаса керек. Өйткені тіл үйрену барысында адамның қарым-қатынас жасау, әлеуметтену, білімін арттыру мүмкіндіктері екі-үш есеге дейін артады. Әрбір тіл –  өзгеше, өз алдына бір әлем. Тіл үйрену арқылы адам жаңа бір әлемнің есігін ашып, таныса бастайды. Бірінші кезекте сол ел туралы таным-түсінігі кеңейе түседі. Екіншіден, тіл үйренушіге екінші тіл ретінде немесе шет тілі ретінде үйретілуі керек. Әр ұлттың ана тілі болатынын белгілі, демек өзге тіл біреуге ана тілі бола алмасы анық. Бірақ бізде осы мәселенің ара-жігі Конституциямызда да ажырамай тұр. Біздің елде бәріне ортақ – қазақ тілі болуы керек еді, ал орыс тілі болсын мейлі ағылшын, түрік тілдері бұлар автоматты түрде барлық оқу орындарында шет тілі ретінде оқытылуы тиіс. Ешқандай елде мемлекеттік тіл деген тіркес жоқ, ағылшындарда ағылшын тілі, Түркияда түрік тілі, Қытайда қытай тілі деп қолданады. Бізде ғана өзге тілді төрге шығарып, өзіміздің қазақ тілімізді босағадан сығалатып қойдық. Бұл біздің керемет қонақжайлығымыз ба, әлде ақымақтығымыз ба? «Жаман үйді қонағы билейді» деген мақал дәл осы күйімізді сипаттап тұрғандай.       

Бүгінде ана тілімізді үйрену және үйретуде көптеген қателіктер жіберіп жатқанымызға ешкім бас ауыртқысы келмейді. Мектептегі мұғалімнен бастап түрлі тіл курстары, тіл орталықтары өз қазанында қайнап, әркім өз білгенін істеп жатыр. Бірі ақпараттық технологияның көмегімен оқытып жатса, екіншілері берілген бағдарламаны орындап мәз. Әрине, жан-жақты болу жақсы, бірақ киелі тілімізге ұқыптылықпен қарау керек. Тіл мәселесінің маңында жүргендер қазақ тілін оқыту әдістемесінің кей тұстары толықтыруды қажет ететінін алға тартады. Қазақ тілі оқытушылары тарапынан жіберілетін қателіктер мынау: оқытушы тіл үйренушіге сөздерді дұрыс дыбыстап айтқызуға, өздеріне ойлануға уақыт бермейді, бәрі тез үстірт өтіп кетеді. Біздің әдістемемізде асықпай дыбыстату, айтқызу, қайталату, салыстыру, ассоцияциялық ойлау, есте қалдырудың жолдары ұмытылып, тақырыпты түсіндіру, жоспарды орындау мақсатымен жұмыс жасап жатқандаймыз. Негізгі іргетасы осында жатқанын ешкім түсінбейді, себебі сөздерді дұрыс дыбыстай алмаған, сөздерді анық айта алмаған тіл үйренуші тілді дұрыс меңгере алмайды. «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден гөрі, аз болса да, анықтап нық үйрету абзал» деп                 А. Байтұрсынұлы айтпақшы, тіл мәселесінде де асығудың қажеті жоқ. Асықпай дыбыстау, оқу, жазу негізін қалыптастырып алғаннан кейін сөйлеу сатыларына көшуге болады. Дыбыстық қайталау жаттығулары үнемі үздіксіз болуы тиіс және алдыңғы тақырып кейінгі тақырып бір-бірімен байланысты болуы керек. Себебі есінде қалған сөздерді ұмытпауға көмектеседі.

Тағы бір айта кететініміз, тіл үйренушінің жас ерекшелігін, қабылдау жылдамдығын, психологиялық ахуалын ескеріп, соған сәйкес педагогикалық тәсілдерді қолдана отырып, тіл үйренушінің жүрегіне жол табу өте маңызды. Жалпы тіл үйретуде мейлінше шынайы өмірдегі сөйлеу тілін үйретуге тырысу, адамның физиологиялық қабілетін барынша қолдану қажет. Бұл дегеніміз, көру, оқу, есту, жазу, есте сақтау қабілеттерін барынша түрлендіріп қолдану оқытушының шеберлігіне байланысты. Мәселен, үнемі дауыстап оқыту, түсінгенін өз сөзімен шамасы жеткенше жеткізу, әр сөзді, жағдаятты тіл үйренушінің бойынан өткізіп сезіндіру, үнемі кезекші сөздер мен байланыстырушы сөздер арқылы сөйлетуге дағдыландыру. Тілімізде жиі қолданатын лексиканы беру арқылы сол сөздерге одағайларды қосып, эмоционалды түрде жеткізуге тырысу керек. Тіл үйренушілерге сондай-ақ қыстырма сөздерді мағынасына қарай қолдауды үйретіп қойса, сөздерді байланыстыруға жеңіл болады. Мысалы: солай, әрине, бәсе, базар жоқ, керемет сияқты.

Түйіндеп айтқанда, тіл үйретуде нәтижеге жету үшін қазақ тілін неліктен үйрете алмай жатқанымызды зерттеп, осы сияқты көптеген мәселенің шешімін табуымыз қажет.

 

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ әдіскері

Әсия Даниярқызы Смықова

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий