Тіліңнен айнып, қазақ қайда барасың?
Он бес Одақтас республикалардың бірі Грузияның, яғни гүрзі бауырлардың туған тілінің тамырына балта шаппақ ниетпен Кремль тарапынан ашықтан-ашық шабуыл жасалды. Сондағы Қызыл империяның көздеген басты мақсаты-гүрзілердің ұлттық тілінде шығатын республикалық газетін жауып, тілін тұншықтыру.
Бұл мәселе грузиндердің шамына тиіп, намысын оятты десе де болады. Тілінің азаттығын, еркіндігін қорғап қалғысы келген гүрзілер жұмылып жұдырық болып, компартия шешіміне сес көрсете білді. Тіліне қауіп төнген қатерлі сәтте ұлттық бірлік пен ымырашылдығын танытты. Сонымен қатар халқының тұтастығын, қиямет күнде бүгілмеу, сынбаудың не екенін кейінгі жас буынға үлгі етер асылға айналдырды. Әр грузин бес-бес данадан газетті жаздыртып алды. Сөйтіп, ана тілінде жарық көретін газеттерін кезекті шовинистік пиғылдан аман алып қалған еді.
Иә, осындайда Алаш көсемі А. Байтұрсыновтың «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы –тіл» деген даналығын еріксіз еске алып, соның еш боямасы жоқ шындық екеніне көз жеткізгендейміз.
Міне, сол гүрзі ағайындар басынан кешкен оқиғадан бері жарты ғасырға жуық мерзім өтіп, сол он бес одақтас ел өз алдына жеке-жеке дербес, тәуелсіз мемлекет атанды. Соның ішінде Қазақстан мемлекеті біз де бармыз. Иншалла, жиырма бес жыл болды егеменді елміз. Бәрі де өзгерді. Бірақ өзгермеген біз, қазақтар ғана. Әлі тіліміз мешел, алашұбар, бәріміз бөтен тілде сөйлейміз, туған тілге деген құрметтің еш нышаны да байқалмайды. Қайта күн өткен сайын сөніп, өшіп бара жатқандай.
Қазақ мектебіне барсаң да орысша сөйлеген қазақтар, қазақ бала-бақшасына барсаң да орысша шүлдірлеген қазақтар, көшеде жүрсең де орысша түсініскен қазақтар, мейлі қай жерге бас сұқсаң да бір-бірімен орысша тіл табысып жатқан қазақтарды көреміз. Жанға бататыны да осы.
Кешегі, одақтас республикалардың барлығы дерлік, мейлі грузин, армяндар үш мың жылдық ана тілін дамытып қана қоймай, ғылым, білім тіліне айналдыруға күш салуда.
Қолдағы деректерге сүйенсек, әлемде мыңнан астам тіл бар екен. Ал тіл байлығы жөнінен қазақ тілі үздік үштікке енетін көрінеді. Мамандардың пікірінше, ең бай араб тілі екен. Онда 12 млн 300 мың сөз болса, ағылшында бұл көрсеткіш 700, қазақ тілінде 600 мыңды құрайды екен. Тоқ етері, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарында екен.
Ал осыншама бай тіліміз неге азын-аулақ отбасылық тіл болып қалып отыр. Рас, арасында «қазақ тілі неге орнықпай қойды» деп мінберлерден айқайлап қоятынымыз бар. Бірақ нәтиже жоқ.
Қытайдың ұлы ойшылы Күңзыдан «Егер бір елді басқарсаңыз, алдымен қандай істі қолға алар едіңіз?» деп сұраған екен. Сонда Күңзы еш іркілместен «Ұлттың тілін тәртіпке келтірер едім. Өйткені тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылады. Рухы мен ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық жоғалу қаупіне ұшырайды» депті.
Міне, дәлел, міне, ақиқат. Тілі жоғалған ұлттың келешегінен де ештеңе күтуге болмайтынын ұқсақ та түсінгіміз келмейтін, жайбарақаттық, селқостық қалпымызға алаңдаймын. Қайран қазақ, тіліңнен айнып қайда барасың?