Ұстаздар латын графикасындағы қазақ тілінің емле ережелерін меңгерді
Алғашқы 30 ұстаз латын графикасындағы қазақ тілінің емле-ережелерін меңгеріп шықты. Елордада Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында еліміздің барлық өңірінен келген оқытушыларға латын негізді қазақ жазуынан сабақ өткізілді. 72 сағаттық курсқа жаңа әліпбидің фонологиялық негіздері, графикасы мен құрамы, төл және кірме, күрделі және қысқарған сөздердің орфографиясы мен орфоэпиясын оқыту негіздері кірді. Өздері партаға отырған педагогтар ең алдымен, теориямен айналысса, одан кейін елорда мектептері мен колледждеріне барып сабақ жүргізді. Екі апталық курс тыңдаушыларға арнайы сертификат табыстаумен тәмәмдалды.
ГҮЛБАРШЫН АДАМБАЕВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
- Мына жаңа жазуда тіліміздің ерекшеліктерін анықтап көрсететін, өзгерген тұстары бар. Сөздердің жазылуы, шет тілінен енген сөздердің жазылуы немесе өзіміздің төл сөздеріміз. Бірақ қосарлы дыбыстар бар ғой, солармен жазылып келген сөздердің жазылуында ерекшеліктер бар екен. Соларды өзім үшін алдым, тереңірек түсіндім. Мен осыларды емле ережесін жасаған мамандардың өз ауыздарынан естігеніме қуаныштымын. Енді соны әрі қарай жұртшылыққа түсіндіру, үйрету бағытында жұмыс жасайтын боламын.