Абайдың еңбектері македон және албан тілдеріне аударылады

22.04.2019

Абайдың шығармалары македон және албан тілдеріне аударылады. Бұл туралы Солтүстік Македонияның Қазақстандағы уақытша және сенімді өкілі Муарем Меджити мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір аударма жұмыстары басталып кетті. Жақын арада ұлы қазақ ақынының шығармалары Солтүстік Македонияның астанасы Скопье қаласында Ұлттық кітапханада оқырмандар назарына ұсынылатын болады. Екі жыл бұрын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы нақ осы жерде ашылған болатын. Өз кезегінде, қазақстандықтар да еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасында македониялық авторлардың романдарымен таныса алады.

МУАРЕМ МЕДЖИТИ, СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ УАҚЫТША ЖӘНЕ СЕНІМДІ ӨКІЛІ:

– Біз 2017 жылы кітапханада македон әдеби бұрышын ашқан болатынбыз, онда Македониядан әкелінген македон тіліндегі, албан, түрік және ағылшын тілдеріндегі кітаптар бар. Барлығы 2700 кітап тарту етілді.

Қазақстан мен Солтүстік Македония ұлттық кітапханаларының арасындағы ынтымақтастық оқырмандарға екі елдің де мәдениетімен және әдебиетімен етене танысуға зор мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қазақстанның Ұлттық кітапханасы македон авторының кітабын қазақ тіліне аударуды жоспарлап отыр.

ТӨРЕГЕЛДІ ТҰЯҚБАЙ, АҚЫН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

– Қазақстаннан шыққан кітаптарды алдырып, екі арада кітапханалар арасындағы байланыс бойынша кітаптар алмасу, осындай кездесулер, конференциялар ұйымдастыру, түрлі өнер адамдары, ғалым, ақын-жазушылармен алмасу екі кітапхананың арасында тұрақты жолға қойылды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий