Салалық терминологияның жаңа кезеңдегі мәселелері мен міндеттері

29.05.2019

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2019 жылдың 30 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында «Салалық терминологияның жаңа кезеңдегі мәселелері мен міндеттері» атты әдістемелік семинарын өткізеді.

Әдістемелік семинардың өзектілігі Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында салалық терминдерді біріздендіру және ұлттық терминқорымызды жетілдіру қажеттілігіне негізделген.

Әдістемелік семинардың мақсаты – салалық терминологияны қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту тұрғысында қарастыру және жаңа қазақ әліпбиі негізінде терминдерді дұрыс таңбалау мәселесін шешу.

Аталған әдістемелік семинарда салалық терминологияны жаңа кезеңге сәйкес жандандыру, терминдерді жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу және терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру мәселелері қозғалады.

Семинардың баяндамашылары заманауи терминдердің нақты салалардағы қалыптасу процесін, терминдерді жүйелеу барысын талқылап, аударма саласындағы баламалы терминдерді беруде кездесетін кей мәселелерді шешу жолдарын көрсетеді.

Іс-шараға жетекші ғалымдар, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысады.

 

Өтетін орны мен уақыты: 30 мамыр 2019 жыл, сағ. 10.00

Нұр-Сұлтан қаласы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Конституция» залы.

Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-01-35, 8 (7172) 27-30-42

8-707-337-94-94; 8-775-541-09-89

Комментарии (0)
Оставить комментарий