Түркі жазбалары – өткенді тану
Қазақстан – көп ұлтты бауырына басқан киелі мекен. Солардың ішінде өзге этнос өкілдерімен қатар діні мен тілі бір түркі тілдес ұлттар да бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Олармен ең бірінші қазақ халқын тығыз байланыстыратын дүние ‒ Көне Түркі жазба ескерткіштері болып табылады.
Осыған орай облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастамасымен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мәжіліс залында 2019 жылдың 29 мамырында дәстүрлі Түркі тілдес халықтарының жазбалары күніне арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – ұлттар татулығын нығайту мен түркі тілінің абыройын асқақтату.
Елеулі күнге арналған шара көрермен назарына ұсынылған Түркі жазуларының тарихы туралы деректі фильммен басталып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Сондай-ақ аталған шарада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп жүрген зиялы қауым өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Концерттік бағдарламаны тамашалауға этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен мәдениет және білім беру саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттері, қазақ-түрік лицейінің тәрбиеленушілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.