Тілім менің - тірлігімнің айғағы

13.06.2019

«Тіл – әр халықтың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінге жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелеуші, яғни бар тарихының куәгері, деректі көзі» С.Аманжолов.

Тіл білімі ғылымының негізін қалаушы, белгілі түрколог Сәрсен Аманжолұлының сөзімен бастар болсам, ия бүгінде тіл мәселесіне арналған  мақалалар мен зерттеу жұмыстары жазылуда. Тілдің тиісті мәртебесін анықтайтын Тіл туралы заң да бар. Тіл мәселесі негізінен көптеген мемлекеттер үшін күрделі мәселе. Себебі, жаһандану үдерісі белең алған заманда тіл арқылы сөздік қорға өзге тілден енген кірме сөздердің, жаргон сөздердің көптеп енуі қай тілге де кері әсер етуі мүмкін. Бірақ менің айтпағым, тілдің шұбарлануы емес, тіл білудің артықшылықтары туралы болмақ.

Бүгінгі таңда «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген тұжырымның өзектілігі арта түсті дегім келеді. Олай дейтінім, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің айтуынша әлемде 2011 жылы 550 000 кітап ағылшын тілінде жарияланды, 97 000 кітап орыс тілдерінде жарық көрсе, француз тілінде 65 000, қазақ тілінде 2 300 кітап басып шығарылған. Ал техникалық ақпараттардың 70%-ы ағылшын тілінде жарық көруде. Бұл өз кезегінде көптеген мемлекеттерге бұл кітаптарды өз тіліне аудару қажеттілігін туындатуда. Бірақ бұл мемлекеттердің экономикасы көтере бермейтін жағдай. Осы үрдісті байқап, алысқа көз тастайтын ата-аналар өз балаларын балабақша, мектепке беруде қай тілде оқытсам, ана тілінен өзге қай тілді бірінші меңгерген тиімдірек?- деген сұрақ төңірегінде ойланады. Көпұлтты мемлекет болғандықтан, бұл мәселе көптеген отбасына қатысты екені сөзсіз.

Білім беру саласында үштұғырлы саясатты жүзеге асыру мақсаты тұрғаны белгілі. Оған балабақшаларда, мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында екінші, үшінші тіл ретінде ағылшын, неміс, қытай т.б. тілдерді оқытып жатқандығы дәлел бола алады. Сонымен қатар, тіл үйрететін орталықтардың көп болуы сұраныстың жоғары екендігінің айғағы. Бұл ата-аналар, мектеп, жалпы қоғам шет тілдерін білу маңызды екендігін түсініп отыр деген сөз.

Тілді меңгерту бағытында ҚР Білім және ғылым министірлігі өте маңызды жаңартылған білім беру бағдарламасын бастауыш, негізгі, жалпы білім беретін мектептерге ендіріп отыр. Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі адам баласына толыққанды қарым-қатынас жасау үшін қажетті тілдік дағдыларды қалыптастырып, дамытуды көздейді. Атап айтқанда оқушыларға «Тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым» дағдыларын барлық пән мұғалімдері дамытуы қажет. Ана тілінде және шет тілдерінде тек қана сөйлеу толыққанды тіл білудің көрсеткіші бола алмауы мүмкін.  Сол себепті, төрт тілдік дағдыны қатар дамыту бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде маңызды фактор болып табылады. Сонымен қатар, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру жүйесі мен тәрбие моделі жалпы орта мектептерге ендірілсін» - деген мемлекет басшысының тапсырмасымен үштұғырлы саясатты жүзеге асыруға мүмкіндіктер пайда болуда. Бұл жұмыстың барлығы, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге, болашақта экономикасы мен басқа да салалары дамыған мемлекеттерден көш ілгері болу үшін жасалған Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын ұсынған елбасымыздың сарабдал саясатының оң нәтижесі деп білем.

Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептің түлегі Ақарыс Егізбайдың әлемнің көптеген мемлекеттеріне құжат тапсырып, ағылшын тілін жетік меңгергендіктен Американың 12 университетінен шақырту алғаны, сондай-ақ Антон Моргуновтың «Гарвард», «Стенфорд» сынды беделді оқу орындарынан шақырту алуы үштұғырлы саясаттың жеміс бере бастағаны деп ойлаймын. Ең үлкен жетістік Зияткерлік мектептің елбасының батасын алған алғашқы 2010 жылғы түлегі Бекет Төлегенов әйгілі NASA АҚШ әскери әуе күштері құрылымдарына маман дайындайтын «Embry-Riddle» аэрокосмос университетіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы болып отыр.

Қазақстандық балалар ғылымның барлық салалары бойынша кеше жарияланған жаңалықты бүгін сол жаңалықтың шыққан тілінде оқып білуі, сол бағытта жұмыс жасап, ғылымға үлес қосуы, еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға мол мүмкіндіктер туғызады емес пе? Бұл менің жеке пікірім, азаматтық позициямның көріністері.

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» - деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тілді сақтап қалу, оны дәріптеу, көркем әрі бай тілімізді келешек ұрпаққа қаз қалпында жеткізу – міндетіміз. Қазақ тілді контентті байыту бағытында жұмылып жұмыс жасау – парызымыз!  

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий