Өз тіліңді құрметтесең ғана...
Ұқсас сырт келбет пен ұлттық киім ең әуелі көзге ұшырағанмен, ұлттың ең басты ұстыны емес екені - айдан анық дүние. Дүниетаным мен дәстүр – міне, осылар – ұлттың діңі, діңгегі.
Елімізде көптеген ұлт пен ұлыс татулық пен бірлікте бақытты да бақуатты күн кешуде. Қазақ ұлтының ізгі қасиеттері мен Қазақстандағы барлық басқа этностардың игі істерін біріктіретін негізгі факторлардың бірі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі қазақстандық ұлтты біріктіретін басты фактор болып табылады»,-деген ұстын сөзі – біздің осы сөзімізге дәлел. Бұл біріншіден.
Қазақстандықтардың патриотизмінің басты көрінісі қазақ тілін үйренуге деген талпынысынан аңғарылмақ. Демек, халқымыздың сан алуандығын бір тұста тоғыстыратын менталитет мемлекеттік тілді құрметтеу мен меңгеру десек, артық айтқандық болмас. Бұл екінші негіз.
Ендігі айтпағымыз біз, Қазақ Елінің жастары, осынау тарихи шақта егемендігіміздің мемлекеттік тіл атты қастерлі ұғымға барынша зор ілтипатпен қарап, маңызының байыбына баруымыз ауадай қажет. Бүгінде тілдің жай-күйіне байланысты туындаған кей дүние ертең үлкен мәселеге айналуы ғажап емес.
Өзге ұлттар қазақ тілін білсін десек, әуелі, қазақ, өзіміз ана тілімізді еркін меңгеруіміз керек. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде еркін тілдессін десек, әуелі өзіміз бейнелі өз тіліміздің бай сөздік қорынан қазынаны сарпып, жауһарларды теріп мақтанышпен жарқыратып сөйлеуіміз, жазуымыз парыз. Сонда ғана басқадан тілді меңгеуді талап ете аламыз.
Мемлекеттік тілді меңгеру, қастерлеу, жай-күйіне бейжай қарамау – Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әрқайсымыздың бұлжымас парызымыз, бұлтартпас міндетіміз болуы шарт.