Көркемсөз оқу шеберлері анықталды

20.09.2019

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Қазақстан Республикасы Қазақстан Халқы тілдері күніне орай Талдықорған қаласында дәстүрлі Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын өткізді.

Көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстық іріктеуден жеңген 16 үміткер қатысты.

Көркемсөз оқудың шеберлері ақтық сайыста екі айналым бойынша бақ сынасты. Бірінші айналымда прозалық шығармалардан үзінді оқыса, келесі кезеңде поэзия жанрында өнерлерін ортаға салды. Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқып, Сәбит Дөнентаевтың, Ілияс Жансүгіровтың және Фариза Оңғарсынованың поэзиялық шығармаларынан оқылған жыр дестелері көпшілік ілтипатына бөленді.

Таза үн, ашық дауысымен Айжан Алхабек, Айсана Әшімхан,Мәди Сәулебек, Ерлан Нұрланов, Әлия Болатова, Ербақ Құрметжан көрермен көзайымына айналды.

Байқау қатысушыларының шеберлігін кәсіби тұрғыда белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәрім, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, театр, кино және дубляж актері Азамат Шарын, профессор, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов бағалады. Қазылар шешімімен Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғаған Айжан Алхабекке бас жүлде бұйырды. Ал, І орынды шымкенттік Мәди Сәулебек иемденді. ІІ орынды Керекулік Ербақ Құрметжан еншілесі, ІІІ орынды Әлия Болатова (Қызылорда) мен Айсана Әшімхан (Шығыс Қазақстан) өзара бөлісті.

Байқау қатысушыларына алғысхат, жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий