"Тілдарын" олимпиадасының жеңімпаздары анықталды
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп Шымкент қаласында «Тілдарын» республикалық олимпиадасын өткізді.
Байқауға 3 қала мен 12 өңірдің іріктеу сынында жеңіске жеткен 15 талапкер қатысты. Оларға қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгеруі басты талап етілді. Байқау барысында талапкерлердің білімі жан-жақты байқалды.
Полиглоттар шеберлігін тіл мамандарынан құралған қазалар алқасы бағалады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті Байназар Жадыраға бұйырды. Жүлделі І орынды Байтлеуова Лаура (ШҚО) жеңіп алса, ІІ орынды жамбылдық Сармамудова Зайде еншіледі. Үздіктер қатарын қызылордалық Әсел Берікқызы мен Батыс Қазақстандық Аружан Габитқызы толықтырды. Ал Айша Хабибуқызы мен Мейірім Сыпатайқызына ынталандыру сыйлығы табысталды.
- Тілдарын» республикалық олимпиадасы жастардың білім-білігіне басымдық береді. Көптіл білу – жас ұрпақтың әлемдік деңгейде ой түю, білім кеңістігіне жол ашып, жаһандық ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін жетілдіріп, оны танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік,- деіді "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әкімшілік басқармасының басшысы Айдос Тұрсынбайұлы.
Олимпиада жеңімпаздары диплом, алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.