Нидерландта Абайдың «Қара сөздері» қайта басылып шығарылады
Нидерландта Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай қазақтың ұлы ақынының «Қара сөздері» қайта басылып шығады. Айта кету керек, Абай Құнанбайұлының философиялық еңбегі бірнеше жыл бұрын орыс тілінен ағылшын, кейін ағылшын тілінен нидерланд тіліне тәржімаланған болатын. Дегенмен басылым аз ғана тиражбен шығарылған. Ал биыл Гаагадағы Қазақстан елшілігі кітапты қайта басып шығару туралы шешім қабылдап, оның мазмұнын арттырып, дизайнын жақсартты.
Шығармашылық топ құрамында аудармашылардан өзге, екі елдің елшілері де өз үлестерін қосты. Олар кітаптың алғашқы бетіне алғы сөз жазуды ұйғарған. Бұл жұмыстың мәдени және тарихи мазмұнын аша түседі, дейді ғалымдар.
ЗИФА-АЛУА ӘУЕЗОВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ:
Нидерланд халқына олардың тарихи бірлестіктері арқылы, XIX ғасыр жайындағы тың мәліметтер негізінде Абайдың кім болғаны, қандай адам екені жайлы айттық. Ұлы ақынның бүгінге дейін неліктен әрбір қазақ үшін ақыл-парасат иесі, абырой мен ар-ұждан екендігін, оның орны ерек екенін айттық. Ойшылдың толық адам туралы үндеулері, «Қара сөздері», пәлсапалық ойларының бүгінгі XXI ғасырда да маңызын жоғалтпағаны туралы да сөз қозғадық.
АНДРЕ КАРСТЕНС, НИДЕРЛАНД КОРОЛЬДІГІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:
- Менің ойымша, Абай – ең алдымен терең философ, автор, ақын. Және ол қазақ халқында бар баға жетпес байлықты және оның әлемдік маңызын жақсы түсінді.