Қазақ тілін ересектерге үйрету бойынша ғалымдардың шеберлік дәрістері

17.05.2020

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLAIN-da bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылғы 18-19 мамыр күндері қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту саласының беделді ғалымдарының «ТІЛ ҮЙРЕТУ ӘДІСТЕМЕСІ: ТЕОРИЯ ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕ» тақырыбында онлайн дәрістерін ұйымдастырады.

Дәрістердің мақсаты – күнделікті тұрмыста, кәсіпте, түрлі ресми шараларда, қоғамның түрлі әлеуметтік салаларында қазақ тілін пайдалану мен оның қолданыс аясын кеңейту үшін заманауи тіл меңгеру әдістері қағидаттарының негізінде тілді жылдам әрі оңай меңгерудің түрлі тәсілдері бойынша өңірлерде қазақ тілін оқытып, үйретіп жүрген оқытушылар мен ұстаздарға әдістемелік көмек, қолдау көрсету.

Кезекті онлайн дәрістерді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнехан Күзекова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Таңат Аяпова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Мұқышева жүргізеді.

Онлайн дәріске еліміздің барлық өңіріндегі Тіл басқармалары мен оқыту орталықтарының басшылары, әдіскерлері, оқытушылары, сонымен қатар жоғары оқу орындарының тіл мамандары, магистранттары мен докторанттары қатысады. Дәріс фейсбук желісіндегі ONLINE-da bol парақшасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Комментарии (0)
Оставить комментарий