ЖАРНАМАҒА ЖАУАПТЫЛЫҚ - ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ

27.08.2020

Мемлекеттік тіл ахуалының айнасы мекемелердің сайттары мен көрнекі үгіт құралдары болып табылады. Өйткені халық жиі қолданатын болғандықтан ол жерден жоғары мәдениет пен үлкен жауапкершілік көрініп тұрады. Сауатты да көркем дүниелер арқылы пайдаланушылардың бойында биік талғам қалыптасады.

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасын жүзеге асыруда.

 

Осыған орай орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың және ЖОО ресми интернет-ресурстарына, сондай-ақ көрнекі ақпарат құралдарына мониторинг жүргізіп, тілдік ахуалға талдау жасап отырады.

 

Көрнекі ақпараттардағы тілдік ахуалға талдау жасау үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарынан сарапшы мамандар тартылды, – дейді орталықтың менеджері Жанар Бейбітқызы. – Сарапшылар көрнекі ақпарат пен жарнаманы қадағалау барысында грамматикалық, орфографиялық қателерге жол берілмеуі, өзге тілден мемлекеттік тілде дұрыс аудармасы және мемлекеттік тілде дұрыс қолданылуын тексереді. Анықталған қателер бойынша тілдер басқармасы арқылы түзету жұмыстары жүргізілуде.

 

 

 

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың ресми интернет ресурстарында мемлекеттік тілдің сауатты әрі дұрыс қолданылуы күнделікті қатаң қадағаланады.

 

Биылғы маусым, шілде айларында 16 орталық және жергілікті атқарушы органдардың, 12 ұлттық компанияның және республика бойынша 20 ЖОО интернет-ресурстарына мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік тіл қолданысының сауаттылығы мен дұрыстығы тексерілді, – деп сөзін жалғады маман. – Нәтижесінде министрліктер мен әкімдіктердің, ұлттық компаниялар мен ЖОО ресми сайттарының қазақ тіліндегі парақшасында ақпараттың басым бөлігі орыс тілінде жүктелетіндігі анықталды.Сондай-ақ сайттың қазақ тілі нұсқасында орыс тілінен жансыз аударылған калькалары көп кездеседі. Грамматикалық, орфографиялық және стильдік қателер көп. Осыған орай 37 ескерту хат жолданып, жіберілген кемшіліктерге түзету жүргізілуде.

 

 

Бұдан басқа қазақ тіліндегі телебағдарламаларды тексеру үшін арнайы сарапшы маман тартылмақшы.

 

Жыл бойы жүргізілген мониторинг нәтижелерін қорытындылау, өзара тәжірибе алмасу, тіл саясатының жүргізілуін қадағалау мақсатында республикалық семинар өткізіледі. Шара барысында мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта, интернет-ресурстарда сауатты рәсімделуі жан-жақты талқыланатын болады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий