ЖАРЫСҚА ТҮСЕР ЖҮЙРІКТЕР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын «Тіл шебері» республикалық онлайн байқауы 2020 жылдың 16 қыркүйегінде өтеді.
Жаһандану дәуірі тілге жаңаша көзқарас алып келді. Жүз жұртпен еркін сөйлесу үшін тілін білген абзал. Тіл меңгеру көптің қолынан келмесі анық. Бірақ жігері жалын, білімін оттай жанған, сан тілді меңгерген жастар бар. Міне, бүгінде онлайн байқауға еліміздің өңірлерінен 16 талапты да талантты жастар қатысуға тілек білдірді.
«Болғанынан болады-сы қызық», «Жүйріктен жүйрік озар жарасқанда», әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын дегендей өңірлерде өткен байқау жеңімпаздары анықталды.
Олар: Нарқозы Қартжан – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы, Әділхан Абзалбек – Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының бас маманы, Сүлеймен Кеулхосов – Рудный қаласы әкімдігінің Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп гимназиясының ағылшын тілінің мұғалімі, Диана Смағұлова – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театры» қызметкері, Ақерке Бекболатова – Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ағылшын тілі пәнінің оқытушысы, Алдияр Сәрсенбаев – Жамбыл инновациялық жоғарғы колледжі математика пәнінің мұғалімі, Жамбыл облысы, Мақпал Мусин – «Бұланбай жалпы орта тілім беру мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі, Павлодар облысы, Анар Таниева – Көкшетау қаласындағы №5 Таңдау гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Ақмола облысы, Аида Досмұхамбетова – Батыс Қазақстан облысы өндіріс және қоршаған орта, инвестиция және құрлыс басқармасының жетекші маманы, Қанат Жақсыбаев – Есжан Бірліқожа атындағы №11 орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі, Алматы облысы, Нилуфар Абдусаттарова – Тілдерді оқыту орталығы ағылшын тілінің мұғалімі, Түркістан облысы , Нұрхат Бердібек – Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасының бас маманы, Қызылорда облысы, Гүлвира Жұмасатқызы – №23 жалпы орта білім бететін мектебінің ағылшын пәнінің мұғалімі, Атырау облысы, Маржан Тұрлыбаева – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенті, Шығыс Қазақстан облысы , Әмірхан Оралбеков – Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық сотының жетекші маманы, Қарағанды облысы, Камила Тұрманбет – «Қаражамбасмұнай» АҚ бухгалтері, Маңғыстау облысы.
Енді шашаларына шаң жұқтырмай жарысқа дайындалуда.
Тілдің құдіреті жүректі елжіретеді. Жастарымыз сынақтан сүрінбейтін тұлпар сынды үш тілдің бабын жарастырады деп сенейік.
Үміткерлер «Сөзтаным», «Ойтаным», «Елтаным» кезеңдері бойынша біліктілігін сынайды. Мықтылардың өнерін бағалау олардың тілдерді меңгеру деңгейі, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуі назарға алынатын болады.
Шетке шықса, сол ел тілінде сайрайтын жастар көбейді.
Жарысқа түсер жүйріктерге сәттілік!
Төмендегі суреттерде үміткерлердің бір тобы бейнеленген.