ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

14.09.2020
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның ұйымдастыруымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұжымы бірлесіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауын талқылау мақсатында онлайн режімде ашық бас қосты.

 

Жиынды ашқан Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Күнесханұлы мемлекет басшысының кезекті Жолдауының мазмұны күнделікті өмірімізбен терең қабысып жатқанына тоқталды. «Бүгінгі бас қосуымызға назар аударсаңыз, қыруар қаржы мен алтын уақытымызды үнемдеп қашықтан өткізіп отырмыз. Бұл сандық жүйеге көшкен еліміздің әлеуетін танытады. Енді барлық жұмысымызда саннан сапаға ауысуымыз қажет. Әр бас қосуымызда бұрыннан белгілі мәселе төңірегін құр шиырлай бермей, нақты шешу жолдарын бірге іздестіріп, тиісті түпкілікті шешім қабылданатын деңгейде көтеретін боламыз. Ел бізден нақты нәтиже күтеді», – деді ол.

Ұлттық мемлекеттік палатасы директорының орынбасары Салменбаева Толқын Тұрғалиқызы Қазақстан халқы асыға күтетін ел игілігіне бағытталған басты құжатта азаматтардың өміріне қатысты салмақты дүниелер мен әлеуметтік салаға қатысты маңызды жаңалықтар жария болғанына жан-жақты тоқталып, рухани мәселеге, соның ішінде кітап жағдайын айрықша атап өтті. Бұл салада тәжірибесі мол қарымды қаламгер, «Тіл-Қазына» орталығының Бас директоры Әлібек Асқар толымды пікірін қосты.

Жиынды жүргізген Төраға еліміздегі тіл саясатымен байланысты Жолдаудан туындайтын міндеттерді қос мекеменің келешекке арналған жұмыс жоспары арқылы нақтылап отырды.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың атқарушы директоры Ербол Ердембекұлы Тілешов қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан тіл мәселесін тілге тиек етіп, еліміз бойынша атқарылып жатқан іргелі істерді атап өтті.

«Жолдау қазақстандықтардың бүгінгі бәтуалы бірлігін ғана емес, сондай-ақ, жарқын болашақта ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы айтуымен құнды. Мұндағы мәселе мемлекет басшысы данышпан Абайдың сөзімен бейнелегендей, «Өңшең жалған мақтаумен, шынның бетін боямай» ашық айтылады», – деп ой түйді белгілі ғалым.

Тілге қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан құстың қос қанатындай қабырғалы екі мекеменің Жолдау алға қойып отырған асқаралы міндеттерді мүлтіксіз атқарарына еш шүбә қалмағандай еді.

Комментарии (0)
Оставить комментарий