«Бүгінгі білім беру: тәжірибе мен жаңашылдық. Тәрбие негіздері және құндылықтар жүйесі» ғылыми-практикалық конференциясы өтеді
Білім беру саласындағы күрделі мәселелердің күн санап арта түсуі кешенді әрі жүйелі шешімдердің қажеттілігін көрсетуде. Әсіресе бүгінгі таңда туындап отырған қиындықтар мен сын-қатерлер тұтас қоғамның алаңдаушылығын тудырды. Аралас оқыту жағдайына көшкен білім беру мекемелерінің мұғалімдері және ата-аналар оқытумен қатар тербие үдерісінің әлсіреуіне алаңдауда.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында балалар мен жасөспірімдер қылмысының және суицид жағдайларының өсуі тәрбие жұмысын күшейтуді қажет ететіндігі атап көрсетілген. Алдағы уақытта білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асыру, білім беру процесі мен білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру қызметі барысында тәрбие жұмысын жоспарлау мен іске асырудың түбегейлі жаңа тәсілдері, оларды қолдану мен сақтаудың түсінікті тетіктері бар мінез-құлық стандарттарын әзірлеу жоспарланып отыр.
Бұл мәселелер сарапшы мамандардың, педагогтер мен ата-аналардың тарапынан кең талқыланып, түйткілдерге қатысты ашық пікір мен тиімді шешім жолдарының қарастырылуы маңызды. Осыған орай, «А. Байтұрсынұлы Білім Академиясы» мекемесі 5 қыркүйек – ұлт ұстазы, көрнекті ғалым А. Байтұрсынұлының туған күніне орай жыл сайын «Бүгінгі білім беру: тәжірибе мен жаңашылдық. Тәрбие негіздері және құндылықтар жүйесі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Жоғарыда аталған өзекті мәселелерді ескере отырып, биылғы жылғы конференция білім берудегі тәрбие негіздері және құндылықтар жүйесіне бағытталып отыр. Елдегі төтенше жағдайға байланысты биылғы конференция 2020 жылы 19 қыркүйекте вебинар форматында өтеді. Конференция бағдарламасы 1-қосымшада.
Уақыты: 19.09.2020 ж. Басталуы: сағат 10:00
Өтетін орны: Baitursynuly academy YouTube арнасы
Вебинар сілтемесі: https://youtu.be/VH2EXGb9J8I
Сұрақтар бойынша: +7 775 071 46 11