ШЫҢҒЫСТАЙДАҒЫ ШЕКАРАШЫЛАРҒА КІТАП СЫЙЛАДЫ
«Ал, оны сыйға тарту ше?! Бұл тамыры терең игі дәстүр де жалғасын тауып келеді. Қимас адамына қымбат тарту-таралғы іздегендер ішінара болса да кітап дүкенін жағалайды. Шыны керек, кітап іздеп жүрген адам ізгілік іздеп жүрген жандай көзге оттай басылып, жылы ұшырайды. Қай кітабының қай жерде тұрғанын, әр бетінде не барын артынан ай-жыл жүріп жиған біледі. Осылай өмірін сарп етіп жиған кітабын кейінгі ұрпақ мүддесі жолына сыйға тартып жатқан қазақтың зиялылары туралы оқығаныңда, еріксіз елжіреп кетесің.
Сырлас досың – кітаппен көзің қиып қоштасу...
Жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар жақында бұл орайдағы өнегелі үрдісті жаңғыртты. Еліміздің ең шығысындағы «Шыңғысатай» шекара бөлімшесіне жиған кітабының бір тобын тарту етті.
Мұндай құптарлық ой түбінде мынадай екі мәселе бары бірден көзге түседі. Дін ғұламаларының пікіріне жүгінсек: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз; екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз»,– дейді.
Сондықтан, алғашқысы, әлбетте, Отан қорғаушыларға, соның ішінде шекара күзетінде жүрген жауынгерлерге рух беру ниеті.
Екінші ойы – осыдан жиырма алты жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында қаныпезер жаумен болған қақтығыста ерлікпен қаза болған шекарашы жерлес інісі Раджан Батырханов рухына тағзым ету.
Өйткені бұл шекара бөлімшесі сол Отан үшін отқа түскен жас батырдың есімімен аталады. Ұлы Отан соғысының зардабы туралы талай шығарма жазған қаламгер сап құрып, тік тұрып қарсы алған жас жауынгерлер алдында сөз сөйледі. Қанды қырғын салған жан жарасының қаншалықты ауыр болатынын жақсы біледі ғой, өмір бойы ағасын аңсап сағынып өткен кейіпкері көпшіліктің есінде.
Бейбіт күнде бұйрықты бұлжытпай орындап, жат жердің шекарасында қиян-кескі ұрыста қаза болған жас жауынгерді бір сәт көз алдынан өткізіп тұрғандай еді. Кім біледі, ішінен алдында тұрған жас өскіндер енді қайтіп оқпен сыналмаса екен деп тілеген шығар.
Мақаланың Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіндегі толық нұсқасымен төмендегі сілтеме бойынша таныса аласыздар: https://didar-gazeti.kz/shy-ystayda-y-shekarashylar-a-k-tap-syylady/