ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІР ТАҢБАДАҒЫ ЖАЗУЫ – КҮН ТАЛАБЫ

16.02.2021
Қазақстан Республикасында қазақ жазуының латын әліпбиіне өтуіне байланысты арнайы ұйымдастырылған халықаралық конференцияларда, сұқбат алаңдарында, ғалымдар жиындарында, интернет желілерінде көптеген ғылыми, халықтық пікірлер білдіріліп жатыр. Латын әліпбиінің қазақ жазуындағы таңбалары жайлы ғылыми, көпшілік тарапынан көптеген талқыға түсті, жеткілікті уақыт барысында електен өтті деп білеміз. Бұл пікірлердің көбі дерлік қазақ жазуының латын әліпбиінде таңбалануын қолдап-қуаттап, ерекшелігі мен артықшылықтары жайлы оң пікірлер білдірді.

Әрине, бұл жазудың жаңаруы, ол бойынша мұғалімдерге семинар-сабақтар өту, оқушылар мен студенттерге үйрету, көпшілік қауымның қабылдауы, жазуға қалыптасуы бойынша күтіп тұрған көптеген мәселелер кездесуі мүмкін.

Себебі, латын әліпбиін 1994 жылы қабылдаған қарақалпақ тілі 1995 жылы бұл заңға өзгеріс кіргізді, 2009 жылы және өзгеріс және қосымшалар енгізді. Ал, 2016 жылы әліпбиге аздап тағы өзгеріс кіргізді. Дегенмен, қазір латын әліпбиін қабылдаған қарақалпақ тілі жазуды толық меңгеріп, қазіргі күнде ешқандай мәселелер жоқтың қасы. Біздің қазақ тілінде оқитын мектеп оқушыларымыз да, студенттеріміз де кирилл альфавитінде жүргенімен, оған қоса латын жазуын сауатты жазады, толық меңгерген. Уақыт өтуімен латын әліпбиінде жазу пәлендей қиындық туғызбайды деген ойдамыз.

Сондықтан, қазақ жазуына латын әліпбиінің енгізілуі практика барысында артықшылықтары мен кемшіліктерін уақыт көрсетер. Дегенмен, латын әліпбиіне өтуге байланысты қиындықтар көп кездесе қоймас деген ойдамыз. Жаңа латын әліпбиінде бұрынғы емледегі тіліміздің табиғатын сипаттайтын негізгі ережелер өзгере қоймағандығы, қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтары сақталғандығы, қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалғандығы, жазудағы қолайлығымен қиындық тудырмайды деген ойдамыз.

Бұл бойынша көтерілген мемлекеттік ұсыныстар мен қолдаулар оң бағасын алуына ат салысу керек және дұрыс деп санаймыз.

 

Тұрсынай Торткулбаева

Өзбекстан Республикасы,

Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік

педагогикалық институты,

Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы,

ф.ғ.д., доцент (PhD)

Комментарии (0)
Оставить комментарий