«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ: ҮЙРЕНУШІНІҢ КӨЗҚАРАСЫ»
«Кешегі Кеңестік дәуір «Тіл – қатынас құралы» деп танып, осы қағиданы берік ұстанды. Шынтуайтында, бұл тілдің көп функцияларының бірі ғана еді. Тіл ғылымы адамды зерттейді. Керек десеңіз, тіл мен ойды бір бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Ішкі сезімдеріміздің өзін сөзбен өрнектейміз, яғни психологиямызхды қалыптастырады. Бұл тұрғыда әлемдік лингвистика тарихында Гумбольдтың есімі құрметпен аталса, қазақ топырағында Ахмет Байтұрсынұлының аты ауызға алғаш ілігеді. Дүниежүзіндегі7 мыңға жуық тілдің 195-і ғана мемлекеттік мәртебеге ие болып отыр. Бұдан басқа автономдық сипаттағы тілдер де бар. Мәселен, Үнді елінде мемлекеттік мәртебеге ие болған 23 тілдің ішінде үнді мен ағылшын тілі оқ бойы озық тұрады. Сондықтан, тарих аренасына шыққан ана тіліміздің ұлылығына құр тамсанып қана қоймай, өрісі кеңеюі үшін қызмет жасауымыз қажет. Әлбетте, жақсы озық үлгі бар, әйтсе де тәжірибе көрсетіп отырғандай, проблемалар да жоқ емес. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізгі өзек етіп отырған бұл бас қосудың басты тақырыбы осы төңіректе болады».
Өздеріңізге белгілі болғандай, іс-шараның мақсаты: өңірлердегі Тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді қарапайым деңгейден бастап базалық, орта, ортадан жоғарыдеңгейлерге дейін меңгерген Қазақстан азаматтарымен, яғни тіл үйренушілермен пікір алмасу,қазақ тілін деңгейлеп меңгеру жолындағы жетістіктері жайлы ой бөлісу.
Онлайн ойталқығаНұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Павлодар, ШҚО, Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстарынан әр сала қызметкерлері, В1, В2 деңгейлерінің тіл үйренушілері қатысты.
Алқаға түскен алғашқы сауал «Әр өңірлердегі оқыту орталықтарының жыл бойғы сабақтары қаншалықты тиімді болды? Нәтижеге қалай қол жеткіздіңіздер? Үй тапсырмасына қаншалықты көңіл бөлесіздер?» деп басталса, бұдан әрі «Отбасында, қоғамдық орындарда, ұжымда, қызметтеқазақша сөйлесесіз бе? Сабақтағы оқу материалдарымен практиканың өзара байланысы бар ма?» дегенге ойысты.
Бұл талқыға түскен тақырып аясының кеңдігін көрсетеді.
Қатысушылар қызу пікірталасқа түсіп, өз ойларын мейлінше ашық білдірді. Әсіресе, мемлекеттік тілді меңгерудегі өзге ұлт өкілерінің өз тәжірибелерінен терең толғаған пікірлерінің әдістемелік тұрғыдан тиімділігі өз алдына, адами жағынан жүрекке жылы тиіп жатты.
Әрине, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына біраз уақыт өтсе де, өкінішке орай, қазақстандықтардың біраз бөлігі қазақша сөйлеп кете қойған жоқ. Мемлекеттік қызметте, өндірісте, ғылымда, бизнесте әлі күнге кең өріс ала алмай отыр. Осы бағытта қазақ тілін оқыту сапасы мен әдістемесін жетілдіру, заманауи талаптарға жауап бере алатын оқулық, оқу құралдарын әзірлеу секілді міндеттер тұрғаны назардан тыс қалмайды.