«МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ
АКЦИЯНЫҢ МАҚСАТЫ
«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясын (одан әрі – Акция) өткізу мақсаты: мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру.
АКЦИЯҒА ҚАТЫСУ ТӘРТІБІ
Акцияға еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының мемлекеттік тілді жетік меңгерген барлық жастағы этнос өкілдері қатыса алады:
1) 5-8 сынып оқушылары (1-ші кезең а.ж. 11-ші маусымында аяқталды);
2) 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері (2-ші кезең а.ж. 2-ші шілдесінде аяқталды);
3) жоғарғы оқу орындарының (одан әрі – ЖОО) студенттері мен ересек тұрғындар (5 шілде - 5 тамыз аралығында);
4) құқық қорғау органдарының ішкі істер органдарының өкілдері (6 тамыз - 6 қыркүйек аралығында).
АКЦИЯ 4 КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ
Бірінші кезеңде 5-8 сынып оқушылары, екінші кезеңде 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері, үшінші кезеңде ЖОО студенттері, ересек азаматтар және төртінші кезеңде құқық қорғау және ішкі істер органдары қызметкерлері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай қазақ ақындарының «Отан», «Туған жер», «Ана тілі» тақырыптарына жазылған өлеңдерінен үзіндіні мәнерлеп жатқа оқып (ұзақтығы 2,5 минуттан аспауы тиіс), әлеуметтік желіде (Instagram) #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен кеңінен таратуы тиіс.
АКЦИЯ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ КӨРСЕТІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ "ЛҮПІЛ" (ЛАЙК) САНЫ БОЙЫНША АНЫҚТАЛАДЫ
Жарияланымда үзінді оқыған тұлғаның:
- аты-жөні;
- ұлты;
- оқу немесе жұмыс орны;
- байланыс нөмірі (ұялы телефон);
- жетекшісінің аты-жөні;
- ұсынып отырған қала немесе облыс атауы міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
ҚАТЫСУШЫҒА ҚОЙЫЛАТЫН ЕРЕКШЕ ТАЛАПТАР
1) қатысушы өлең жолдарын мәнерлеп жатқа оқуы тиіс. Қатысушының акция аясындағы материалы көркемсөз оқу талаптарына сай келмеген жағдайда, қазылар алқасының шешімімен «лүпіл» саны ескерілмейді;
2) қатысушы өлең жолдарын жаттауда қазақ тілінің орфоэпиялық және сингармонизм заңдылықтарына терең мән беруі керек (қатысушының жетекшісі осы процесті қадағалауы тиіс);
3) өңір бойынша барлық қатысушылар туралы ақпаратты жауапты маман (өңірлік тілдерді дамыту, білім басқармалары және тіл оқыту орталықтары) қадағалап отыруы керек (қатысушының өлеңді жаттауы, конкурстық бейнежазбаның әлеуметтік желіде насихатталуы, таралуы, «лүпіл» жинауы);
4) «лүпіл» санын арнайы қосымшалар арқылы (бот, т.б.) қолдан көбейткен қатысушылардың конкурстық бейнематериалдары есепке алынбайды;
5) қатысушы өлеңді жатқа оқу уақытын қатаң сақтауы тиіс (2,5 минуттан аспауы керек). Сондай-ақ қазылар алқасы ұзақтығы 1 минутқа дейінгі бейнежазбаларды қарамауға құқылы.
АКЦИЯ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН АНЫҚТАУ ЖӘНЕ МАРАПАТТАУ
1) Акция жеңімпаздарын анықтау үшін құрамы кемінде бес адамнан тұратын қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделеді.
2) Акция жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бекітілген сыйлық қорымен марапатталады.
3) Акцияның жеңімпаздары туралы ақпарат шара аяқталғаннан кейінгі 10 жұмыс күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылады.
БАЙЛАНЫС МӘЛІМЕТТЕРІ: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сығанақ көшесі, 25-үй, «Аңсар» БО, 2-қабат, «Тіл-Қазына» ҰҒПО.
Әлім Сергібаев, 8(7172)27-30-43, 8(707)5333873.