Қазақ тілін оқыту әдістемелерін жүйелеу бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

03.08.2021

Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін екінші тіл және шетел тілі ретінде оқыту әдістемелерін жүйелеу, қазақ тілі оқу құралдары мен қосымшаларының мазмұнын тіл меңгеру талаптарына сәйкестендіру мақсатында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ынтамақтастық меморандумына қол қойды.

Ынтымақтастықта келесі шаралар атқарылатын болады:

  • Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқыту әдістемелерін жүйелеу мақсатында бірлескен семинарлар, конференциялар (бетпе-бет, онлайн), басқосулар, шеберлік сабақтарын, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру;
  • Қазақ тілін оқытуға тіл мамандарын тарта отырып әдістемелер қалыптастыру, дәрістер оқу, өзара қызығушылық тудыратын салалар бойынша зерттеулер жүргізу;
  • Тіл меңгерудің озық әдістемелерін пайдаланып, интернет және мобильді байланыс желілері арқылы қашықтан оқытуға арналған әдістемелік құралдар әзірлеу;
  • Қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік құралдар мазмұнын жүйелеу мақсатында сараптамалық қорытындылар әзірлеу;
  • Қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқытуға арналған лексикалық және грамматикалық минимумдарды анықтау, нақтылау, жүйелеу;
  • Ересектерге қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұны мен құрылымына талдаулар әзірлеу;
  • Тіл мамандарының, өңірлік тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылар мен әдіскерлері үшін біліктілікті арттырудың онлайн курстарын және тәжірибе алмасуды ұйымдастыру.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры міндетін атқарушы Ербол Тілешов қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту барысындағы қордаланған мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелерді және оларды бірлесіп шешу жолдарына ұсыныстарды баяндады.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Президенті Ғани Бектаев білім сапасының мазмұндық негіздемелерін қалыптастырушы мекеме ретінде жаһандық кезеңдегі қазақ тілінің дамуына академияның ғылыми және әдістемелік әлеуетін пайдалана отырып, әріпестікте бірлесіп жұмыстар атқаруға дайын екендігін жеткізді.

Екіжақты кездесу Ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімімен аяқталды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий