«Тіл үйретудегі озық оқыту технологиялардың маңызы» республикалық онлайн семинары

27.09.2021

ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үйретудегі озық оқыту технологиялардың маңызы» тақырыбында дәстүрлі республикалық онлайн семинар өтті.

Онлайн семинарлар ұйымдастырудағы негізі мақсат – қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуды жетілдіру, әдістемелерді зерделеу, тіл оқытудың өңірлік орталықтарының тәжірибелерімен бөлісу және сол арқылы тіл оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушыларына әдістемелік көмек көрсету.

Ағымдағы жылғы 24 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті уақыты бойынша сағат 16:00-де Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлері әріптестеріне және тыңдарман қауымға қазақ тілін оқытудағы тәжірибелерін таныстырды.

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» 2006 жылы 28 қыркүйектегі Жамбыл облысы әкімдігінің №267 қаулысына сәйкес құрылып, қызмет көрсетіп келеді. Орталық ашылғалы бері 36581 тіл үйренуші үш тілді оқыту курстарынан өтті.

Орталықта «ҚАЗТЕСТ» жүйесі мен латын негізді жаңа әліпбиді үйрету кабинеттері мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің білікті, сертификатталған мамандары қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, ересек тұрғындарға тегін мемлекеттік тілді үйрету үшін облыстың 8 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі Сарысу, Талас,т.Рысқұлов, Шу,) оқыту бөлімшелері жұмыс істейді.

Қордай ауданында мемлекеттік тілді үйренушілер санының артуына байланысты, 2020 жылдың 2 желтоқсанынан Қордай аудандық «Тілдерді оқыту орталығы» жеке мекеме болып құрылды (04.08.2020 ж. №352 аудан әкімінің қаулысы). Қазіргі уақытта орталықта жалпы штат саны 12 адам (директор, есепші, әдіскер, хатшы, 8 мұғалім) қызмет көрсетеді. Бөлімше облыс тарапынан материалдық-техникалық базамен жабдықталды. Сонымен қатар, 4 қазақ тілінің оқытушысы облыстық орталықтан іс-тәжірибеден өтіп, оқу бағдарламасы, барлық деңгейдің сабақ жоспарларымен қамтамасыз етілді.

Мемлекеттік тілді тегін оқыту бойынша (өсу динамикасы) 2018 жылы 1333 адам, 2019 жылы 1465 адам, 2020 жылдың қыркүйек айына 1595 адам оқу курсынан өтті. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы мемлекеттік тілді оқу 92%-ке өсіп отыр.

2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында облыс әкімінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК қазақ, орыс және ағылшын тілдері  бойынша 3129 тыңдаушы оқу курсына қамтылды, оның ішінде 195 мемлекеттік қызметші жұмыстан қол үзбей тегін оқу курсына қамтылды.

Оның ішінде мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында 2632 тыңдаушы қазақ тілін тегін оқу курсына қамтылды, оның  84,4%-і (2222) өзге ұлт өкілдері.

2018 жылы алғашқылардың бірі болып, латыннегізді қазақ әліпбиін үйренуге бағытталған «qazalipbi.kz»  сайты іске қосылды.  Бұл платформа 18 сабақтан тұрады, оның ішінде теориялық, практикалық, бағалау сабақтары қамтылған. Теориялық сабақта жаңа қазақ әліпбиі бойынша теориялық білім беріледі. Ал практикалық сабақта берілген теориялық білім негізінде жазылым, оқылым, тыңдалым әркеттері арқылы жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Бағалау сабағында тыңдаушының әр сабақта меңгерілген білімі тест, бақылау диктанты түрлерінде тексеріледі.

Сонымен қатар, 2019 жылы орталықтың барлық мамандары Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығынан тренерлік оқу курсынан өтіп, Жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін меңгеру бойынша 36 сағаттық оқу курсының бағдарламасы әзірленіп, 28 топ, яғни 408 мемлекттік қызметшіні оқу курсынан өткізіп, сертификаттар табысталды.

Жаңа әліпбиде оқып, жазып үйренуге бірнеше көмекші оқу құралдарын әзірледі. Олар: «Жаттығулар жұмысы», «Мәтінмен жұмыс», «Сөзжұмбақтар», «Мақал-мәтелдер», «Абайдың қара сөздерінен диктанттар жинағы», бүлдіршіндерге арналған   «Жаңа әліпбиде жазып үйрен» (әліппе боямақ), «Қазақша әндер караокесі» (ән жинақ), «Латыннегізді қазақ әліпбиін үйрену бойынша 4 вебинар сабақ» және «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» республикалық, облыстық басылымдарда жарияланған мақалалар жинағы. Аталған жылы инстаграмнан @tarazlatyn ақпараттық-парақшасы ашылып, бүгінгі күнге дейін  латыннегізгі жаңа әліпбиді өз бетінше үйренуге арналған мультфильмдер және «Jaña  älıpbi» айдарымен түрлі тақырыпта постерлер жарияланып келеді.

2018 жылы жаз айларында қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қала саябақтарында ағылшын тілін үйрету «Тіл саябағын»  клубы құрылып, 100 ден аса тұрғындар тіл үйренді.

2019 жылы мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін, тілді меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңы «МӘМІЛЕ» клубы құрылып, жыл бойы өз жұмысын жүргізді. Жыл ішінде «Мәміле» клубының 12 отырысы өтіп, клубтың 40 тұрақты мүшесіне сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен аудандарда ашық аспан астында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінде тілдік орта қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде TedX форматында «SŐİLE» және ағылшын тілі тыңдаушыларының «RELAX AND LEARN» клубы жұмыс жасап келеді. Бүгінгі күнге дейін клубтардың 80 отырысы өтіп, 1157 тіл үйренуші қатысты.

2020 жылдан бастап, әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі терминдер мен сөз тіркестерінің, әдеби сөздердің дұрыс жазылу емлесін көрсету мақсатында «Сауаттылық TIME» айдары жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, еліміздегі карантин жағдайына байланысты «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған қарапайым деңгейіне 40 сабақ, ағылшын тілін «EasyEnglish» айдарымен онлайн үйрену бойынша 50 сабақ әлеуметтік желілерге жарияланды. Сонымен қатар, қазақ тілін базалық деңгейде үйретуге бағытталған 30 сабақ әзірленіп, әлеуметтік желілердегі парақшаларға орналастырылуда.

Қазақ тілін қарапайым деңгейде үйренуге арналған «QazONLINE» мобильді қосымшасы. Бұл қосымша қазақ тілінде оңай сөйлеуге және әңгімелесушіні әртүрлі коммуникативтік жағдайларда түсінуге  мүмкіндік береді; жеке сөздерден  сөйлем  құрауды үйретеді. Қарапайым деңгейде жазу дағдылары қалыптастырады.

 Мемлекеттік тілді пайдалануға және үйренуге бағытталған                             1 ақпараттық және 1 әлеуметтік бейнеролик әзірленіп, жергілікті телеарналардан көрсетіліп, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде таралуда. Сонымен қатар, ҚР Президенті  Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына орай «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Тілге құрмет елге құрмет», «Мемлекеттік тілді білу міндет» хештегтерімен өзге ұлт өкілдері арасында инста-челендж жарияланып, 104 адам қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған  «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық  акциясы өз мәресіне жетіп, акцияға облыс бойынша 102 үміткер қатысты. Оның ішінде 6 үміткер жүлделі орынды иеленсе, 8 үміткер ынталандыру Алғысхатымен марапатталды.

Айта кетейік, қазіргі таңда республика бойынша 99 тіл оқыту орталығы қазақ тілін оқыту бойынша қызмет көрсетіп келеді.

Алдағы уақытта өңірлік орталықтардың тәжірибелерімен бөлісетін боламыз.

Онлайн басқосу ZOOM платформасында семинар түрінде өтеді және жалпы тыңдармандар үшін Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде де көрсетіледі.

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий