Алматы облысының тіл мамандары біліктілік курсынан өтті

24.03.2022

Мемлекеттік тілді оқытудағы басты мәселе – оқу барысын жүйелі түрде жүргізу және тіл үйренушіге тиімді әрі заман талабына сай қолжетімді мүмкіндіктерді ұсыну. Ол үшін тіл маманы үнемі ізденісте болып, білімін жетілдіріп, бәсекеге сай, сұранысқа ие маман болуы тиіс. Сондықтан қазақ тілін оқытушылар мен әдіскерлердің біліктілігін жетілдіріп отыру басты міндет. Осы мақсатта Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы аймақтағы тіл мамандарына қазақ тілін оқытуда ТОП-5-тікке енген сайттар мен платформалармен таныстырып, олармен жұмыс жасаудың артықшылығы мен тиімділігіне байланысты мастер класс ұйымдастырды.

 

- Білім беру жүйесіндегі біліктілікті арттыру іс-шарасы аса қажетті өміршең үрдіс. Біліктілікті арттыру барысында, оқытушы жаңа теориялық мәселелер мен арнайы техникалық білім спектрін және біліктілік пен еңбек дағдысын кеңейтеді. Сонымен бірге ғылым мен технологияны байланыстырады. Сондықтан да Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында қызмет ететін 70-ке жуық маманның біліктілігін арттыру мақсатында курс ұйымдастырып отырмыз. Курс баршаңыз үшін пайдалы болады деген ойдамын және сәттілік тілеймін, - деп Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Р.Есдәулетов шараны ашып берді.

Дәрісті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы жүргізді. Ол бағдарламаға сәйкес қазақ тілін онлайн үйренуге мүмкіндік жасайтын және әдіскерлерге көмекші құрал қызметін атқаратын tilqural.kz, abai.institute, tilalemi.kz, tilmedia сайттарының мазмұнымен таныстырып, тиімділігін түсіндірді. Сонымен қатар ақпараттық-танымдық (Sozdikqor.kz , Termincom.kz, Emle.kz, Bala.kz, Qazlatyn.kz) сайттардың негізгі мақсат-міндеттерін түсіндіріп, аталған сервистердің тіл үйренушіге және жалпы қазақ тілін қолданушыларға аударма ісінде, сауатты жазуда, сөздік қолданысты таптырмас көмекші екендігін көрсетіп өтті.

Шара соңында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ж.Жолдыбаев курс қатысушыларына 16 сағаттық оқытушылардың біліктілігін арттыру курсынан өткендігін растайтын сертификат табыстады.




Комментарии (0)
Оставить комментарий