Əр қазақ мына зағип поляктан үлгі алса...
23 жастағы Польша азаматы Вячеслав Чернев тоғыз тіл біледі. Оның ішінде қазақша еркін сөйлейді. Зағип болса да, еңбекқор, талантты жігіт Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін қалт жібермей қадағалап отырады. Елімізге алғаш келген қонақпен Qamshy.kzақпарат агенттігінің тілшісі сұхбаттасты.
— Қазақстанға бірінші рет келіпсіз, бұл сіздің қазақтілді ортамен алғаш араласуыңыз ба?
– Иә, бұл – Қазақстанға бірінші сапарым. Өзім Варшава университеті Шығыстану факультетіндегі Түркітану және Орта Азия халықтары кафедрасының доктарантымын. Башқұрт, татар, қазақ халықтарының тіл мен мәдениеті маған ешқашан жат болған жоқ.
Жалпы мен басында башқұрт тілін үйреніп, сол арқылы қазақ тіліне қызығушылығым оянды. Уфа қаласындағы Башқұрт филология факультетінде студенттермен башқұртша сөйлесіп жүргенмін. Кейін қазақ студенттерімен араласа келе, қазақ тілін меңгердім.
Башқұрттар мен қазақтар бір-бірінің тілін тез түсінеді деп ойлаймын. Қазақ тілін ең алғаш Орынборда көз дәрігеріне қаралып жүргенімде естідім. Сырттай татар, башқұрт тілдеріне қатты ұқсаттым.
Қазақстанда қазақтардың көпшілігі орысша ойлайды. Тек Қазақстанда ғана емес, Башқұртстанда да осындай сана қалып қойған.
Тек қазақша ғана сөйлеуім орыс тіліне немесе басқа тілдерге қарсы шығамын деген сөз емес. Қазақстанға арнайы келіп отырған соң осы елдің мемекеттік тілінде сөйлеуді жөн көремін.
–Қазақ, башқұрт тілдерін не мақсатта үйрендіңіз?
– Ең алғаш Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінде жоғары білім алдым. Онда ағылшын, француз бөлімдерінде оқыдым. Ағылшын тілін меңгерген адамды кез келген жерде табуға болады. Қазақстанда болсын, Башқұртстанда болсын, ағылшын тілін білетін маман көп. Ал башқұрт, араб, қазақ тілдері онша таралмаған. Осы мақсатта Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінде башқұрт, араб тілдерін оқыдым. Жоғарыда айтқанымдай, қазақ тіліне деген қызығушылығым башқұрт тілін үйреніп жүрген кезден басталды.
Ағылшын, француз тілдерін мектеп кезінен оқыдым, ал башқұрт тілі мен қазақ тілін,сөйлесетін орта болмағандықтан, өз бетіммен игеруіме тура келді. Грамматикаға қатысты мағлұматтарды ғаламтордан таптым.
–Қазақ тілін үйрену кезінде қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Қазақ тілін үйрену мен үшін аса қиын болды дей алмаймын. Себебі қазақ тілі башқұрт тіліне өте ұқсас. Әрине, айырмашылықтар бар. Мысалы, башқұрт тілінде «хенле» деген сөз бар. Қазақ тілінде ол – «сіңлі», алайда мен «сіңлі» деген сөзді қолдана алмаймын. Себебі ер адамның сіңлісі емес, қарындасы болады. Башқұрттарда «қарындаш» деген сөз бар, бірақ ол көне сөз болып саналады. Осы жағынан аздап шатастым. Қанша дегенмен, фонетикалық жағынан да біраз өзгешелік бар.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Әр қазаққа қазақ тілін білгені – парыз, білмегені – ұят», – деді ғой. Осы орайда мынадай сұрақ туады: зағип жандар, дислексиясы бар адамдарға да осындай талап қойылуы керек пе? Сізше қалай?
Біз олардың қазақ тілін үйренуіне көмектесуіміз қажет. Ағылшын, поляк, т.б. тілдерде көзі көрмейтіндерге арналған дыбыстық бағдарламалар бар. Алайда қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ. Сондықтан соқырлардың дені қазақша емес, орысша сөйлейді. Ал брайль жүйесін жастардың көпшілігі қолданбайды. Брайльмен шығатын кітап аз, маңызды кітаптар мүлде жоқ деуге болады. Қазіргі технологиялар дамыған заманда дауыс жүйесі іске қосылған бағдарламалар кеңінен қолданылып жатыр. Қазақша бағдарлама жасалуы керек, әйтпесе қазақ тілін үйренуге мүмкіндік болмайды.
Жаңа латын әліпбиіндегі апострофтар қарапайым адамдарға қиындық тудырады. Ал соқырларға ше? Дыбыстық бағдарлама апострофпен жазылған сөздерді оқи алмауы мүмкін. Апострофпен жазылған қарапайым «с» немеше «ш» әріптерін зағиптар қалай айырады. Сондықтан диакритикалық белгілерді қолданған жөн деп ойлаймын.
–Жалпы қанша тіл білесіз?
–Тоғыз тіл білемін. Ағылшын, поляк, орыс, неміс, башқұрт, татар, түрік тілдерін жақсы меңгергенмін. Испан тілін түсінемін, бірақ қатемен сөйлеймін. Ал қазақшама өзіңіз баға беріңіз (күледі).
–Тоғыз тіл білетін полиглоттан тілді тез үйренудің құпиясын сұрағым келіп отыр...
–Кез келген тілді оның грамматикасын түсінбейінше, үйренуге болмайды. Әр сөзді жаттағанда мысал құрастырып, ұғынып жаттау керек.
– Ұлтыңыз кім?
– Орыс десеңіз де, поляк десеңіз де болады. Мен өзімнің шыққан тегімді бес ұрпаққа дейін тексергенде оның аралас екенін білдім. Менде орыстың да, поляктың да, белорустің де қаны бар.
–Өмірге деген құлшынысты қайдан аласыз?
– «Құдайға иланбайтын болсам, мен ешнәрсені басқара алмайтын едім» деген жақсы сөз бар. Осы сөзді әрқашан айтып жүремін. Достарым, жақындарым, отбасым мені қатты қолдайды. Яғни өмірге деген құлшынысты осы кісілерден аламын.
Сұхбаттасқан Назерке Мұса