ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ҰЛЫ ІСІ СӨЗ БОЛДЫ

02.06.2022
2022 жылғы 1 маусым күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Тіл-Қазына» оқуларының» кезекті дәрісі өз жалғасын тапты. Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған еді. Іс-шара тізгінін қолына алған филология ғылымдарының докторы, профессор Қаламқас Қалыбаева «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазу теориясының негізін салушы» деген тақырыпта жүргізді. Ғалымның өзі айтқандай, тақырыбына көз салсақ, бұрын-соңды жиі айтылып жүргендіктен, енді не айтылар екен дегендей, елең ете қалады екенсің. «Өткен ғасырдың басында Елдес Омаров: «Осы қайраткерді күллі қазақ даласы біледі, оның талантын жоғары бағалап құрмет тұтқанымен, бәрібір оны дұрыс түйсініп бағалай білмейді», – деп жазған екен. Сол айтқандай әлі күнге дейін мына үш мәселеге үстіртін қарап келеміз.

Ахмет Байтұрсынұлы үш құпия кілтін дөп тапқан.

Біріншісі, бір дыбысқа бір таңба беру мәселесі; екііншісі, қазақ жазуында үндесім заңдылығы шешуші рөл атқарады деген тұжырым; үшіншісі, қазақ жазуы дыбыс жүйелі болуы керек екендігі», – деп ой түйді дәріскер.

Осы бағытта өрбіген терең мазмұнды әңгіменің қаншалықты тартымды, баршаға ой саларлықтай болғанын Түрік тіл қоғамының мүшесі, профессор Хулия Касапоғлының мына сөзі бекіте түсетін секілді: «Қаламқастың үлкен ізденістермен жасаған ғылыми баяндамасы бір ғана қазақ ғылымы үшін емес, күллі түркі дүниесіне қажет мәселе. Болашақтың бірігіп ақылдасар шаруасы әлі көп екенін тағы бір еске салды».

Комментарии (0)
Оставить комментарий