ЖАҢАРТЫЛҒАН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ҰСТАНЫМЫМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ
Қазақ мектебіндегі оқыту жүйесінің мазмұны сол кезеңнен бастап күні бүгінге дейін АхметБайтұрсынұлы қалыптастырып кеткен бағытпен келе жатыр. Мәселен жаңартылған білім беру бағдарламасындағы бірқатар оқу мақсаттары ұлт ұстазының ұстанымдарына негізделген. Атап айтқанда, бастауыш білім беру деңгейінің 2-4-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінің «Сөйлеу әрекетінің түрлерін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды дамыту арқылы тіл туралы бастапқы білімді меңгерту және оны тілдік нормаларды сақтай отырып, оқу әрекеті мен күнделікті өмірде қолдану» мақсатын ХХ ғасырдың басында-ақ А.Байтұрсынұлы негіздеп кетті. Ұлт ұстазы бұл туралы «Тіл – құрал» оқулықтарында: «Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек. Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің наху, сарфы (грамматика, морфология) да үйретілерге керек» - деп жазған болатын және сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын «Тілжұмсар» оқулығындағы «Жұмыс», «Сұрау», «Көшіру», «Жауап жазу», «Буындау», «Айтқаннан жазу», «Жатқа жазу», «Құрастыру»; «Тіл – құрал» оқулықтарындағы «Дағдыландыру», «Сынау»; «Баяншыда» көрсеткен «Дыбыспен жаттықтыру, бір буынды, екі буынды, үш буынды сөздермен жаттықтыру»; «Әліппедегі» (1926): «Шыққанын шырпыдан жасау», «Алғанын жазу», «Қисындау», «Ақыл хат жасау», «Ермек-еңбек», «Сын атына зат аты», «Қайсысын қайда қою», «Суретпен жұмыс», «Сөйлемдер жасату», «Сөздерден ауызша сөйлем құрау», «Сөйлеммен лепес жасату», «Жаңылтпаш жасату», «Қате оқыған жақ қайта оқиды», «Топ хабары», «Топтық жұмыс», «Ойнаңдар! Ойлаңдар!» тапсырмалары арқылы тақырыпты меңгертудегі мақсаттар жүйесін негіздеп берді.
А.Байтұрсынұлы оқулықтарында жүйелі түрде кездесетін тапсырма түрлерінің мақсаттары жаңартылған оқу бағдарламасындағы «Дыбыстарды, сөздерді орфоэпиялық нормаларға сәйкес дұрыс айту», «Сөздердің орфографиялық, орфоэпиялық нормаларын сақтау» бөлімшелерінде (түйінді дағдылары) қамтылған. Мысалы:
«Тіл – құрал» және «Тілжұмсар» |
Қазақ тілі оқу бағдарламасындағы (2018) оқу мақсаттары |
Сөздердің буындарында неше әріптен бар екенін айырту |
Әріпті тану, ажырату және оны дыбыспен сәйкестендіру |
Сөздерді буынға бөлу, әр буындағы әріптің санын буын үстіне сипырмен қою |
Сөздің буыннан тұратынын түсіну және сөздегі буын санын анықтау |
Сөздерді буынға бөліп, буын ішіндегі дауысты таңбалардың астын сызыңдар |
Сөздегі дыбыс түрлерін (дауысты, дауыссыз, жуан және жіңішке дауыстылар) ажырату және дұрыс дыбыстау |
Сөздерді буынға бөліп, буын ішіндегі дауыссыз таңбалардың астын сызыңдар |
|
Сөздердің ішіндегі қатаң дыбыстардың таңбаларын айырту |
Дауыссыз дыбыс түрлерін (қатаң, үнді, ұяң) ажырату және дауыссыз п-б, қ-ғ, к-г дыбыстарының емлесін сақтап жазу |
Әріптерді дыбыс жақындығына қарай сұрыптап, тап-табымен жазыңдар |
|
Әріптерді түрлерінің ұқсастығына қарай сұрыптап, тап-табымен бөлек-бөлек жазыңдар |
Дыбыстардың мағына ажыратушылық қызметін түсіну |
А.Байтұрсынұлы оқулығындағы дағдыландыру және сынау тапсырма түрлерінің мақсаттары жаңартылған оқу бағдарламасындағы «Мәтіндегі лексикалық бірліктердің қолданылуын түсіну», «Грамматикалық нормаларды сақтау» бөлімшелерінде (түйінді дағдылары) қамтылған. Мысалы:
Тіл – құрал тапсырмалары |
Қазақ тілі оқу бағдарламасы (2018) оқу мақсаттары |
Төмендегі сөздерге «лық» жұрнағын жалғатып, туынды сөз еткізу. |
2.4.2.1 мұғалімнің көмегімен түбір мен қосымшаны ажырату; 3.4.2.1 негізгі түбірге жұрнақтар жалғау арқылы туынды сөз жасау, түбірлес сөздердің мағынасын ажырату; 2.4.2.2 көптік жалғауларды дұрыс қолдану; 3.4.2.2 тәуелдік жалғауларының қолданысын білу; 4.4.2.2 жіктік жалғауларының қолданысын білу; 4.4.2.3 зат есімді септеу, тәуелденген сөздердің септелуін білу; 4.4.2.4 жіктеу есімдіктерін септей алу. |
Төмендегі түбір сөздерге «у» жұрнағын жалғатып туынды сөз еткізу (Ескерту: барлық жұрнақтар бойынша осындай тапсырмалар берілген). Аяғы «а» сөздерді жалғаулату. Аяғы «ы» сөздерді жалғаулату. Аяғы қатаң дыбысты сөздерді жалғаулату. |
|
Төмендегі сөйлемдердің ішіндегі зат есім сөздердің астын сызып көрсетіңдер. |
2.4.2.4 зат есімнің жалпы және жалқы түрлерін ажырату, жалқы есімнің жазылу емлесін сақтау; 2.4.2.5 дара және күрделі зат есім/сын есім/сан есім/ етістікті анықтау |
Төмендегі сөздерді айырту, қайсысы зат есім, қайсысы сын есім? |
2.4.2.3 сөз таптарын (зат есім, сын есім, сан есім, етістік) ажырату; 3.4.2.4 негізгі, туынды зат есім/сын есім/етістікті анықтау; 3.4.2.5 болымды және болымсыз етістіктердің айырмашылығын анықтау. |
Төмендегі сөздердің ішіндегі сан есім сөздерді айырту. |
|
Төмендегі сөздердің ішіндегі сөздерді айырту, қайсысы зат есім, қайсысы етістік. |
«Тілжұмсар» оқулығында «Құрастыру», «Жұмыс» тапсырмалары берілген. Онда бала мәтіндегі көп нүктенің орнын өз ойымен толықтырып отырады. Мысалы, «Жұмыс» тапсырмасында: Қойшы қой бағады. Жылқышы ... Етікші ... Егінші ... Балықшы .... Дәрігер ..... Ал «Әліппеде» (1926) «Қайсысын қайда қою» тапсырмасы негізінде оқушы берілген бірнеше сөйлемдерді дұрыс байланыстырып, мәтін құрайды. Бұл тапсырмалар негізінде қалыптасатын дағдылар «Қазақ тілі» оқу бағдарламасында «Берілген тақырып бойынша әңгіме құрау», «Тыңдалған материал бойынша өз пікірін білдіру» бөлімшелеріндегі (түйінді дағдылары) оқу мақсаттарында қамтылған. Мысалы:
Тілжұмсар, Әліппе (1926) |
Қазақ тілі оқу бағдарламасы (2018) оқу мақсаттары |
Мәтіндегі көп нүктенің орнын өз ойымен толықтыру. Сөздердің орнын дұрыс тауып, әңгіме құрау |
2.1.4.1 тірек сөздерді қатыстыра отырып, берілген тақырып бойынша әңгіме құрау; 3.1.4.1 тірек сөздер мен жоспарды пайдалана отырып, берілген тақырып бойынша әңгіме құрау. |
«Тілжұмсар» оқулығында мәтіннен ақпарат алуға бағытталған «Жауап жазу», «Сұрау» тапсырмалары берілген. Мысалы, «Сұрау» тапсырмасында:
Мақалдарды оқы. Білегі толық бірді жығады, білімі толық мыңды жығады. Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ.
Қандай адам бірді жығады? Қандай адам мыңды жығады? Бірді жығуға не керек? Мыңды жығуға не керек? Күн қалай? Ай қалай? Жақсы қалай? – тәрізді сұрақ қойып, жауап алу үлгілерін ұсынған. Бұл тапсырмалар «Қазақ тілі» оқу бағдарламасындағы «Мәтін мазмұны бойынша сұрақтар қою және жауап беру», «Мәтіннің тақырыбы және негізгі ойды анықтау», «Тыңдалған материал бойынша өз пікірін білдіру» бөлімшелерінде (түйінді дағдылары) белгіленген оқу мақсаттарында қамтылған.
Ұлт ұстазы «Оқу жайы» деген мақаласында: «Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, тәртіппен оқытарлық мұғалімдері аз, оқу програмы жоқ, белгілі оқу жылы жоқ, қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті етерлік жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғаллимин (мұғалім даярлайтын оқу орны) жоқ» - деп сол кездегі қазақ мектептерінің ауыр халін сипаттаған еді. Осы кемшіліктерді жою үшін бар күшін оқулық шығаруға жұмсады, әдістемелік нұсқаулық жазып мұғалімдерге жол көрсетті, сауат ашу мен ана тілін оқыту жолдарын өз оқулықтары арқылы жүйелеп берді.
Қорыта айтқанда, ғалымның салып кеткен сара жолы күні бүгінге дейін қабылданған оқу бағдараламаларының негізгі өзегі болып келе жатыр.
Қаламқас Байтенова,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы
«Білім беру бағдарламалары орталығы»
Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің бастығы
Гүлфар Мамырбек,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы
«Білім беру бағдарламалары орталығының» аға менеджері